Алматы, 2025 жылғы 4 шілде – Қазақ мемлекеттік циркінде жүрекке жылу ұялатқан ерекше шара өтті. «Мейірімді жүректер циркі» атты қайырымдылық шеберлік сабағы ерекше білім беруді қажет ететін, сондай-ақ тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін ұйымдастырылды.
Бұл күні 50-ден астам бала – оның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер – «Қайырымды жандарға көмек» қоғамдық қорының қолдауымен цирк әлеміне саяхат жасап, өнердің сиқырлы сырын сезінді.
Балалар бір күнге болса да сахнаның ар жағындағы өмірмен танысып, өздерін нағыз өнерпаз сезінді – бұл олардың жүздеріндегі шынайы күлкі мен жүректеріндегі сенімнен анық көрінді.
Екі сағат бойы балалар цирк өнерінің сиқырлы әлеміне еніп, кәсіби әртістердің жетекшілігімен жонглерлік пен эквилибристика негіздерін үйреніп, көңілді клоундық трюктерді меңгерді. Сондай-ақ, үйретілген иттермен өткен интерактивті жаттығуларға белсене қатысып, ерекше әсерге бөленді.
Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – арқан үстінде жүру болды. Нұсқаушылардың қадағалауымен балалар еденге жақын биіктікте тартылған қауіпсіз арқан арқылы алғашқы қадамдарын жасап, өз мүмкіндіктеріне деген сенімділік пен мақтаныш сезімін жүректеріне ұялатты.
«Өзіме ерекше ұнағаны – иттер болды! Олар сондай ақылды! Біреуі менің қолымнан секіріп өтті – бұл менің өмірімдегі ең алғашқы цирктік трюгім!» – дейді 9 жастағы Амина қуанышымен бөлісіп.
«Мен циркте тек көрермен ретінде болып көрген едім. Ал бүгін өзім жонглер болып, фокус көрсеттім! Маған клоунның мұрнын да сыйлады – енді болашақта цирк әртісі болғым келеді!» – деп бөлісті 11 жастағы Тимур.
Шараны ұйымдастырушылар мен Қазақ мемлекеттік цирк әртістері шеберлік сабағын үлкен жанашырлықпен және ерекше ықыласпен өткізді. Барлық жаттығулар балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіби педагогтардың қолдауымен жүргізілді.
«Біз үшін цирк – жай ғана өнер көрсететін сахна емес, бұл – сенім мен шабыт сыйлайтын, балалар өздерін еркін сезінетін орта. Бүгінгі шараға қатысқан балалар – нағыз батырлар. Олар бүгін шын көңілден күлді, жаңа нәрселерді үйренді, бойларындағы таланттарын танытып, шабыт алды», – дейді Қазақ мемлекеттік циркінің нөмірлер жаттықтырушысы Әлия Худайбергенова.
Жобаның шабыт берушілерінің бірі – цирк өнерінің еңбек сіңірген әртісі, әуе гимнасты Ольга Демидова болды. Ол цирк сахнасына өмірінің 25 жылдан астам уақытын арнап, осы жылдар ішінде халықаралық деңгейде көптеген марапаттарға ие болған. Бүгінде Ольга өзінің бай тәжірибесімен жастармен бөлісіп қана қоймай, отбасылық цирк өнерінің дәстүрін де жалғастырып келеді. Ол бұрын қызы Анастасиямен бірге дуэт ретінде өнер көрсеткен болса, қазіргі таңда кіші қызы Таисияны және жиендері Анна мен Анатолийді жаттықтырып жүр.
«Балалардың көзіндегі отты көргенде, мен өз миссиямның жалғасып жатқанын сезінемін. Циркте биіктік емес, шабыт пен сенім маңызды. Бүгін біз осы манежде шынайы әртістерді – кішкентай, бірақ жүрегі үлкен балаларды көрдік», – деп бөлісті Ольга Демидова.
«Мейірімді жүректер циркі» шеберлік сабағы – Қазақ мемлекеттік циркінің әр балаға тең мүмкіндік беру, олардың шығармашылық қабілетін дамыту және мейірімді, қолжетімді мәдени орта қалыптастыруға бағытталған қайырымдылық жобасының бір бөлігі болып табылады.