2025 жылғы 30 шілдеде Алматы халықаралық әуежайында Air China әуе компаниясының Бейжің – Алматы – Бейжің бағыты бойынша тікелей рейсінің тұсаукесері өтті. Іс-шараға Алматы халықаралық әуежайының басшылығы, Қазақстан мен Қытай, сондай-ақ Air China әуе компаниясының өкілдері қатысты.
Әуежайдың тіркеу аймағында мерекелік безендіру ұйымдастырылып, қонақтар үшін тәттілер таратылды. Рейстің ресми ашылуы салтанаты лента қию рәсімімен атап өтілді.
«Біз Алматы халықаралық әуежайында жаңа әуе тасымалдаушы – Air China компаниясын қуана қарсы аламыз. Бейжің – Алматы – Бейжің бағыты бойынша тікелей тұрақты әуе рейсінің ашылуы – Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынастарын нығайтудың маңызды қадам» – деді Алматы халықаралық әуежайының вице-президенті Онур Шатыр.
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй елдер арасындағы мәдени және туристік байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталды.
«2025 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болып жарияланды. Біз қазақстандық достарымызды Air China рейстерін пайдаланып, заманауи Қытайды жақыннан танып, оның атмосферасын сезінуге және бай әрі бірегей мәдениетіне үңілуге шақырамыз», – деді Бас консул Цзян Вэй.
Салтанатты шарада сондай-ақ Алматы қаласының туризм басқармасы мен Air China компаниясының өкілдері де құттықтау сөз сөйледі.
Бейжің – Алматы – Бейжің бағытындағы рейстер апта сайын дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері Boeing 737 ұшағымен орындалады. Ұшу уақыты – 4 сағат 50 минут.
Бүгінде Алматы қаласы Қытайдың Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Сиань, Үрімжі, Құлжа, Ханчжоу және Санья қалаларымен тікелей әуе қатынасына ие. 2025 жылдың басынан бері Алматы мен Қытай арасындағы жолаушылар ағыны 230 000 адамнан асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62 %-ға көп.