Бүгін – қуанышқа, шуаққа және мейірімге толы ерекше күн! Бүгін біздің әлеуметтік клубымыз – «Шыңға өрлеу» өзінің 7 жылдық мерейтойын атап өтуде!
Жеті жыл – жай ғана уақыт өлшемі емес.
Жеті жыл – жақсылықтың, сенім мен мейірімнің ізгі ізі қалған жылдар. Осы уақыт ішінде «Шыңға өрлеу» жүрегі тәрбиеленушілердің арманымен бірге соғып, олардың үмітімен тыныстап келеді. Әр күніміз — балғын жүректердің шат күлкісімен, ақ жүректі тәлімгерлердің ыстық ықыласымен өрілді. Осы жылдарда біз адам жанының ең асыл қасиеттерін – жақсылық, мейірім және бірлікті тереңнен сезіндік.
Клубтың туған күні Қазақ мемлекеттік циркінде өтті — балалардың шат күлкісі мен қуанышы жарасқан, арман мен үміт тоғысқан ерекше сахнада.

Жобаның өміршеңдігі мен жетістігі оның авторлары – Абишев Булат Эркебланович пен Сыпабекова Раиса Мусабекқызының еңбегінсіз мүмкін болмас еді. Авторлардың идеясы, сенімі мен адал еңбегі «Шыңға өрлеу» клубының берік іргетасына айналды — бүгінде бұл жоба балаларды, тәлімгерлерді және жарқын болашақты біріктіріп отыр.
Біз жобамыздың дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан Алматы қаласы әкімдігіне, аудан әкімдіктеріне және Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына шын жүректен алғыс айтамыз. Сондай-ақ жобаның идеялық шабыттандырушысы – Алматы қаласы Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік интеграция бөлімінің басшысы Махпирова Рахилям Нұрдуновнаға сенімі, қолдауы және қамқорлығы үшін ерекше алғыс білдіреміз.
Сонымен қатар біз «АлматыЭлектроТранс» ЖШС директоры Бейсембиев Александр Қасымұлына көрсеткен қолдауы және балаларға автобустар бөлгені үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Сондай-ақ Қазақ мемлекеттік циркіне және директоры Жайықов Максат Маратбекұлына балалар арманы орындалған осы ерекше күнді өткізуге мүмкіндік бергені үшін зор алғыс айтамыз.
«Шыңға өрлеу» биіктен биікке самғап, жүректерге мейірім, болашаққа үміт сыйлай берсін. Жаңа жылдар – жаңа асулар мен қуанышқа толы жеңістердің куәсі болғай!
Туған күніңмен, сүйікті «Шыңға өрлеу»!