Shymbulak тау курортында түнгі сырғанау маусымы ашылды. Енді қонақтар күн батқаннан кейін де Талғар асуында сырғанай алады. Cырғанау жолының ұзындығы 2 мың метрден асады.
Түнгі сырғанау – әлемге әйгілі көптеген курорттардың өзінде сирек кездесетін мүмкіндік. Себебі оған арнайы дайындалған жарықтандыру мен қар жабыны, күшейтілген қауіпсіздік шаралары қажет. Shymbulak-та бұл талаптар толық сақталған: ең жақсы көрініс беретін жарықдиодты шамдар орнатылған, бүкіл қашықтық бойы ыңғайлы сырғанау жабыны дайындалған, сондай-ақ құтқару қызметі жұмыс істейді.
«Түнгі сырғанауды біз әр маусым сайын ашамыз және бұл қонақтарымыз үшін асыға күтетін сәт екенін жақсы білеміз. Күн батқаннан кейін Shymbulak-та ерекше атмосфера орнайды. Бұл –тек түнгі қаланың көркем көрінісі мен әдемі кадрлар түсіруге мүмкіндік қана емес, сонымен қатар сырғанаудың өзі сыйлайтын айрықша әсерлер», – дейді Shymbulak курортының клиенттерге қызмет көрсету және сапаны бақылау департаментінің басшысы Ольга Беляева.
Түнгі сырғанау сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері 19:00–23:00 аралығында өтеді. Курорт инструкторлары сырғанаушыларға ауа температурасы кеш түскен соң айтарлықтай төмендейтінін ескертіп, бірнеше қабат киінуді ұсынады. Алдымен ылғал тартпайтын базалық қабат, содан кейін жылу ұстайтын аралық қабат, оның үстінен су мен жел өткізбейтін сыртқы қабат қажет. Бас киім немесе шлемнің астына салынатын төсемнің болуы міндетті. Сонымен қатар, жылы қолғап, шаңғыға арналған шұлық пен сапалы етік керек.
Жақсы жарықтандыруға қарамастан, түнде тау беткейлеріне жалғыз шықпаған абзал. Екі адам болып немесе шағын топпен сырғанау қауіпсіз әрі жайлы болады. Сондай-ақ түнгі сырғанауда арнайы белгіленген жолдан шықпау маңызды. Ауа райы қолайлы болған жағдайда Shymbulak курортында түнгі сырғанау бүкіл қыс бойы жалғасады.
Айта кетейік, 2023 жылдың наурызында Shymbulak әлемдегі ең биік түнгі тау-шаңғы жолы бар курорт ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ресми енген болатын.
Фото: Shymbulak