12 желтоқсанда Астанада бастауыш сынып мұғалімдері арасында «Зияткер ұстаз» республикалық шахмат турнирі өтті. Қазақстанның 20 өңірінен 130-дан астам педагог 2 млн теңге жүлде қоры үшін бақ сынасты. Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған бұл турнир бастауыш сынып мұғалімдерін қолдауға, олардың кәсіби және интеллектуалды дамуын ынталандыруға, сондай-ақ мұғалімнің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Садвакасов турнирдің маңыздылығын атап өтті:

— «Бұл тек жарыс емес, шахматқа деген сүйіспеншілік пен педагогикалық миссия үйлесім тапқан ерекше алаң. Турнир жаңа идеялар мен шабыт көзіне айналып, елдегі мыңдаған оқушылардың дамуы мен білімін шыңдауына әсер етеді. Аталмыш турнир бастауыш сынып мұғалімдерінің интеллектуалды әлеуетін ашады және балалардың негізгі білім мен дағдыларын қалыптастырудағы ұстаздардың еңбегін айқын көрсетеді. Сонымен қатар, шара педагогтарға тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік беріп, білім беру жүйесінде шахматты кешенді дамыту жоспарын тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді».

Жеңімпаздар

Күрделі әрі интеллектуалды дода қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталды:

1-орын — Гүлбаршын Кенжегалиева (Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Нұржау жалпы орта мектебі)
2-орын — Айгерім Джумадилова (Шымкент қаласы, Т. Рыскулов атындағы №25 мектеп-гимназиясы)
3-орын — Жұлдыз Есенбаева (Алматы қаласы, №185 мектеп-гимназиясы)

Жеңімпаздың тарихы мұғалімдердің шеберлік деңгейінің жыл сайын өсіп келе жатқанын көрсетеді. Өткен жылы үздік ондыққа кіріп, 8-орынды алған Гүлбаршын Кенжегалиева биыл айқын басымдылықпен жеңіс тұғырынан көрінді.

— «Қуанышым шексіз. Турнир өте жоғары деңгейде өтті, түрлі эмоцияны бастан өткіздік. Мұғалімдерге көңіл бөліп, дамуымызға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Шахмат бір-бірін сыйлау, эмоцияны басқару, шапшаң ойлап, нақты қадам жасауға үйретеді. Біз осы қасиеттерді оқушыларға да сіңіруге тырысамыз», — деді жеңімпаз.

Серебрялық жүлдегер Айгерім Джумадилова турнирдің кәсіби қауымдастық үшін маңызды екенін атап өтті:

— «Бүгін эмоцияға толы күн болды. Турнир ұстаздарға жаңа қырынан өзін көрсетуге мүмкіндік берді. 20 өңірден қатысқан педагогтар жаңа таныстықтарға жол ашты. Шахмат сәттілікке емес, әр қадамды ойлап жасауға, стратегияны дұрыс құруға негізделген ойын».

Қола жүлдегер Жұлдыз Есенбаева бәсекелестіктің жоғары деңгейін атап өтті:

— «Турнир күрделі өтті, ұстаздардың көпшілігі ойынды жақсы меңгерген. Соған қарамастан 3-орынға ие болдым. Шахматпен үш жылдан бері айналысамын, мектепте «Шахмат негіздері» пәні енгізілгеннен бері. Өз білімімді үнемі жетілдіріп отырамын, ал оқушылар осы сабақты асыға күтеді».

Шахматтың білім беру жүйесіндегі рөлі

Бүгінде шахмат Қазақстандағы білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарып отыр. ҚР Үкіметінің кешенді жоспары аясында 1500-ден астам мектепте «Шахмат негіздері» пәні енгізілген, ал 60 мыңнан астам оқушы стратегиялық ойлауды дамытуда арнайы дайындықтан өткен мұғалімдер жетекшілігімен жұмыс істейді. Балалардың интеллектуалды ойын түріне қызығушылығы артып келе жатқанын ескерсек, мұғалімдерді қолдау ерекше маңызды.

Шахматты дамыту маңыздылығын Мемлекет басшысы да атап өтті. 28 қарашада Ақордада Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Аркадий Дворковичпен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтың Қазақстанда тек спорт қана емес, интеллектуалды мәдениет, тәрбие және білім жүйесінің маңызды бөлігі екенін, сонымен қатар шахмат инфрақұрылымын дамыту және оны балалар мен жастар арасында насихаттау қажеттілігін атап өтті.