2026 жылғы 29 қаңтарда сағат 11:00-де Алматы облысы, Қарасай ауданында орналасқан «Анаға құрмет» музейінде «Қазақ даласының қасиеті – ақ орамалда» атты рухани тәрбиелік бағыттағы насихаттық дөңгелек үстел өтеді.
Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының ұлттық болмысындағы ананың киелі бейнесін, ақ орамал мен кимешектің рухани-мәдени мәнін дәріптеу, әйел тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау.
Іс-шара аясында кимешек тарихы мен мағынасына терең зерттеу жүргізген, бұл салада мол ақпаратқа ие спикерлер арнайы баяндама жасап, кимешектің шығу төркіні, оның әлеуметтік, тәрбиелік және рухани мәні туралы тың деректермен бөліседі. Қатысушылар кимешектің аналық мәртебені айқындайтын киелі киім ретіндегі маңызын жан-жақты тани алады.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында «Анаға құрмет» музейінің арнайы көрсетілімдері ұсынылып, ананың қоғамдағы орны, ақ орамалдың символдық мәні мен ұлттық дүниетанымдағы рөлі туралы мазмұнды ойлар ортаға салынады.
Ақ орамал – ананың тазалығы мен мейірімінің, сабыры мен парасатының белгісі. Ол – ұрпаққа берілер ақ тілек пен аналық батаның нышаны. Ана басындағы ақ орамал мен кимешек – отбасының берекесі мен бірлігінің, шаңырақтың тыныштығын бейнелейтін қасиетті құндылықтар.
Іс-шараға қоғам қайраткерлері, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының Алматы қаласы өкілдігі бойынша «Әйел- қыздар» секторының мүшелері, жастар мен қала қонақтары қатысады.