6–11 сәуір аралығында Алматы қаласында мектеп командалары арасында халықаралық 1-ші Азия чемпионаты (AsianSchoolsTeamsChessChampionship 2026) өтеді. Бұл турнирде Қазақстан атынан үш команда қатысады: РФМШ (Алматы), 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ SEEDUnikerSchool (Астана) және Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей (Алматы).
Айта кетейік, 2023 жылғы 4–7 тамыз аралығында Ақтауда мектеп командалары арасында алғаш рет әлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған 53 елден 300-ден астам жас шахматшы қатысқан еді.
Бір жылдан кейін KazChess/Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың бастамасымен Халықаралық мектеп шахмат федерациясы (ISCF) құрылды. Ал 2025 жылғы әлем чемпионатын (FIDE World Schools Team Championship 2025) алғаш рет ФИДЕ мен ISCF бірлесіп ұйымдастырды. Турнир АҚШ-тың Александрия қаласында өтіп, оған 55 команда қатысты.
Енді 2026 жылығы чемпионатта (FIDE ISCF WorldSchools Team Championship 2026, WSTC 2026) жаңа формат енгізіледі: желтоқсанда төрт құрлықтың (Азия, Америка, Африка, Еуропа) үздік мектеп командалары Үлкен финалда (Grand Final) кездеседі.
Азия чемпионатына екі жолдаманы анықтау үшін 14–15 наурыз күндері Астана қаласы NGS мектеп базасында іріктеу турнирі өтті. Оған еліміздің 23 үздік мектеп командасы қатысты. Жарыс «төртеуге төрт» форматында (құрамда кемінде бір ұл және бір қыз болуы тиіс), 9 турдан тұратын швейцар жүйесі бойынша, рапид (15+10) бақылауымен өткізілді.
Турнирге Қазақстан азаматтары, FIDE ID-і бар және 2012–2018 жылдары туған спортшылар қатысты.
Қатысушылардың рейтингі бойынша фавориттер саналған SEED Uniker School (орташа рейтинг – 1984) және №92 лицей (1993) үмітті ақтап, тиісінше 17 және 15 ұпай жинап, Азия чемпионатына жолдама алды.
Жеңімпаз команда құрамында Рамазан Тулеген (8/9), Рауан Бахыт (6½/9), CM Нурали Нуршин (7/8), Далия Диасқызы (4/6) және Юрий Пак (3/4) өнер көрсетті.
Ал алматылық команда сапында FM Данис Куандықұлы (5/9), Арсен Айтмұханов (7/9), Рахим Махсатұлы (7/9), WCM Жансая Шолпанбек (7/9) және Айбын Ақпаржан (1441, 0/0) болды.
Айта кетерлігі, №173 мектеп-лицейі (Алматы) мен РФМШ-1 (Астана) командалары 12 ұпайдан жинап, жүлделі орындарға іліге алмады. Ал НИШ Алматы-Медеу командасы 15-орынға табан тіреді. CM Алдияр Жарас (2035) 9 ойынның 9-ында жеңіске жетіп, үздік нәтиже көрсетті.
https://s1.chess-results.com/tnr1359587.aspx
Үшінші қазақстандық команда ретінде Азия чемпионатына РФМШ (Алматы) қатысады. Олар бұл құқықты 2025 жылғы әлем чемпионатындағы күміс жүлдесі арқылы алды. Алайда сол кездегі жас шектеуі (16 жасқа дейін) өзгергендіктен, қазіргі құрам толықтай жаңарған.