Бүгін Алматыдағы Alatau Creative Hub орталығында кітапханашылар арасында «KitapHack» атты республикалық хакатон өтті. Кітапхана ісін цифрлық тұрғыдан қайта пайымдау, жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану бағытында өткен шараға еліміздің барлық өңірінен кітапхана саласының мамандары қатысты.
Шара барысында қатысушылар топтарға бөлініп, заманауи кітапхана моделін қалыптастыруға, цифрлық құралдар арқылы қызмет аясын кеңейтуге және жаңа мүмкіндіктерді дамытуға бағытталған жобалар әзірледі.
Әр топ өз жобаларын таныстырып, ұсыныстар талқыланып, қатысушылар арасында пікір алмасу жүргізілді. Бұл кітапхана саласындағы жаңа қызмет түрлерін дамытуға және цифрлық технологияларды енгізу бойынша бірқатар тың ойлардың айтылуына мүмкіндік берді.
Жиын аясында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері сахналаған қойылымы іс-шараның мазмұнын толықтырып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Көркем қойылым кітапхана кеңістігінің мәдени-шығармашылық әлеуетін айқындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен жаңа серпін берді.
Сонымен қатар, бағдарлама аясында шетелде біліктілігін арттырған жас кітапхана меңгерушілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, қазіргі заманғы кітапханалық қызметтің цифрлық және практикалық бағыттары жайлы айтып өтті.

Хакатон қорытындысында командалар арнайы «Ұшқыр идея», «Креативті идея», «Техникалық шешім», «Инновациялық жоба», «Әлеуметтік әсері жоғары жоба», «AI негізіндегі сапалы шешім» номинациялармен марапатталды.
Атырау қалалық кітапханасынан келген кітапханашы Жайнар Ардаққызы хакатоннан алған әсерімен бөлісіп, шараның маңызына ерекше тоқталды:
«Шара жоғары деңгейде өтті. Біз әр өңірден келген әріптестермен танысып, ой бөлісіп, кітапхана саласына қатысты бағыттар бойынша пікір алмастық. Осындай іс-шаралар көп болуына тілектеспін», – деп атап өтті.
Бүгінгі Алматы Кітапханаларының ұйымдастыруымен өткен хакатон – кітапхана қызметінің жаңа қырларын ашатын, кітапханалардың жаңғыруға, инновация енгізуге және елдің мәдени-оқу өміріндегі орнын нығайтуға деген ұмтылысының жарқын дәлелі болды.