inDrive компаниясы Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисімен бірлесіп, жүргізушілер мен курьерлердің әйел жолаушылармен кәсіби қарым-қатынас жасауына арналған тегін онлайн білім беру курсын іске қосты. Курстан Қазақстандағы барлық жүргізуші мен курьерлері, қай платформамен жұмыс істейтініне қарамастан өте алады.
Бұл жоба – 2025 жылы inDrive серіктестеріне арналған офлайн тренингтер сериясынан басталған бірлескен білім беру бағдарламасының заңды жалғасы. Жаңа онлайн формат кез келген тілек білдірушіге өзіне ыңғайлы уақытта білім алуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама арнайы білім беру платформасында орналасқан және орысша субтитрлері бар қазақ тіліндегі 9 бейнесабақтан тұрады. Курс сапар кезінде орын алатын шынайы жағдайларға негізделген. Ол кәсіби қарым-қатынас қағидаларына, жеке шекараны сақтауға, әйел жолаушылармен дұрыс қарым-қатынас жасау және келеңсіз жағдайлардың алдын алуға арналған. Оқуды аяқтаған соң қатысушылар материалды меңгеру деңгейін тексеру үшін қорытынды тест тапсыра алады.
Бағдарлама авторы – гендерлік саясат және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы Айгерім Құсайынқызы. Ол курстың мазмұнын әзірлеп, бейнесабақтарды жазуға қатысты.
Жобаның іске қосылуын қолдау мақсатында inDrive Алматы мен Астанада жүргізушілерге арналған курстың таныстырылымын өткізді. Кездесу барысында қатысушыларға бағдарламаның мазмұны мен одан өту мүмкіндіктері туралы айтылып, кәсіби коммуникацияның негізгі қағидалары жазылған ақпараттық материалдар таратылды.
Курс туралы ақпарат inDrive қосымшасы арқылы да таратылады. Алдағы уақытта компания бұл бағдарламаны қызмет көрсету сапасын арттыру құралдарының бірі ретінде пайдалануды жоспарлап отыр. Егер жүргізушіге қатысты жолаушылармен орынсыз қарым-қатынас жасау бойынша шағым түссе, оған осы курстан өту міндеттелуі мүмкін.
Бұдан бөлек, курс материалдары Қазақстанның 15 қаласында хабар тарататын «Жұлдыз» радиосындағы арнайы айдардың негізіне айналды. Эфирде сарапшылар сапар кезінде жиі кездесетін жағдайларды талдап, кәсіби коммуникация бойынша практикалық ұсыныстарды талқылайды.
inDrive-тың Қазақстандағы бизнесінің басшысы Арай Бекембаев:
«Саланы дамыту жалғыз технологиямен шектелмейтініне сенімдіміз. Ол адамдардан, қарым-қатынас мәдениетінен және қызмет сапасынан басталады. Сондықтан біз бұл курсты Қазақстандағы барлық жүргізуші мен курьерге, қай платформада жұмыс істейтініне қарамастан, қолжетімді еттік. Осындай білім беру бастамаларын бүкіл индустрияны дамытуға салынған инвестиция деп қарастырамыз. Кәсіби қарым-қатынас стандарттары неғұрлым жоғары болса, миллиондаған адам үшін жол сапары соғұрлым қауіпсіз әрі жайлы болады», – деп атап өтті .
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы, елші Алексей Рогов:
«Бұл курстың арқасында жүргізушілер Қазақстанда да, бүкіл Орталық Азия аймағы мен ЕҚЫҰ кеңістігінде де кез келген гендер өкіліне барынша сыпайы әрі ізетті болады деп үміттенеміз. Такси – тек жылдамдық пен жайлылық қана емес, сонымен бірге жолаушының гендерлік ерекшелігін ескере отырып, оған сыйластықпен қарау», – деп атап өтті.
Айгерім Құсайынқызы:
«Курсты әзірлеу барысында жүргізушілерге сапарларды жайлы етіп, жанжал ықтималдығын азайтуға көмектесетін кәсіби коммуникацияның практикалық құралдарын ұсынуға тырыстық», – деді.
Бұл жоба inDrive пен Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Қазақстандағы қауіпсіз мобильділік мәдениетін дамыту бойынша ынтымақтастығының кезекті кезеңі болды.
Пайдаланушылардың қауіпсіздігі inDrive үшін басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Компания технологиялық шешімдер кешенін дамытып келеді, атап айтсақ, жүргізушілер мен автокөліктерді верификациялау және фотобақылау, сапарды сенімді контактілермен бөлісу, сапарды нақты уақыт режимінде мониторингтеу, аудиожазба функциясы, жылдамдық пен жүргізушінің шаршауын бақылау құралдары, сондай-ақ SOS батырмасы мен Қауіпсіздік орталығы. Оған қоса, пайдаланушылар рейтингіге, пікірлерге, сапар тарихына және арнайы бейдждерге қарай отырып, жүргізушіні өздері таңдай алады.