Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман қазіргі пандемияның аяқталуын жеделдетудің жалғыз жолы — вакциналауды барынша жедел әрі кең көлемде жүргізу қажет екенін атап өтті.
Халықтың ағзада антиденелердің болуы немесе болмауы туралы алаңдауына негіз жоқ. Себебі коронавирустан қорғануға мүлдем басқа иммундық жасушалар жауап береді.
«Антиденелер дереу пайда болады. Бұл жағдайда антиденелердің 2 түріне назар аударған жөн. Біріншісі – М классы, оларды жетілмеген антиденелер деп атайды, инфекциядан немесе вакцинлаудан кейін 7 күн ішінде жоғары көрсеткішке жетеді. Содан кейін оларды G класының антиденелері алмастырады, олар ең жоғары көрсеткішке 14-тәулікте жетеді. Содан кейін олар ақырындап жоғала бастайды. Көбіне, антиденелердің бар-жоғына назар аударудың қажеті жоқ. Олар коронавирусты бейтараптандыруда үлкен рөл атқарады, бірақ олар маңызды емес. Бұлар иммундық жүйенің қорғаушылары. Иммундық қорғаныста лимфоциттер өте маңызды рөл атқарады. Олар баяу жұмылдырылғанмен, коронавируспен күресуге машықтанған. Оларды зертханалық түрде анықтау өте қиын, бірақ вакциналаудан кейін олар біртіндеп қалыптасады», - деді Алмаз Шарман.
Ғалымның айтуынша, Т лимфоциттерін өлтірушілер деп атайды, өйткені олар коронавирус жұқтырған жасушаларды өлтіре алады. Сонымен қатар, антиденелер маңызды рөл атқарады, бірақ олар ең маңызды қорғаушы емес. Вакциналаудан өткен азаматтар қанда антиденелер болмаса, еш алаңдамағандары жөн. Бастысы - ағзада иммундық жағынан қорғайтын басқа компоненттер қалыптасады.