Қазақстан биыл халықаралық сұлулық байқауларының бірінде тағы да өз өкілін таныстырады. 17 қыркүйекте Алматыда Қазақстанның Miss Grand International 2026 байқауына қатысуына арналған баспасөз конференциясы өтті. Ел намысын халықаралық сахнада модель Анель Емел қорғайды.
Анель Емел бұл мүмкіндікке Miss Qazaqstan 2025 ұлттық байқауы арқылы ие болды. Ол финалдың үздік бестігіне еніп, Miss Grand Qazaqstan титулын жеңіп алған. Дәл осы титул оған Қазақстан атынан Miss Grand International халықаралық байқауына қатысуға жол ашты.
Биылғы халықаралық байқау 18 қыркүйек пен 10 қазан аралығында Бангкокта өтеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 2026 жылғы байқауға 75 елдің өкілдері қатысады. Қазақстан үшін бұл — Miss Grand International сахнасына екінші рет шығу.
Анельдің халықаралық байқауға дайындығы бір күндік жұмыс емес. Ашық деректерге сәйкес, оның дайындығы шамамен бір жылға созылып, негізінен Париж бен Филиппинде өткен. Осы кезеңде ол халықаралық байқауларға қатысушыларды дайындайтын кәсіби мамандармен жұмыс істеген.
Халықаралық сахнаға шығатын образ да ерекше назарда. Анель үшін кешкі көйлекпен қатар, Қазақстанның мәдени ерекшелігін танытатын ұлттық костюм әзірленген. Ұлттық образды дизайнер Нұрс Оразғалиев жасаған. Анельдің айтуынша, бұл образ арқылы қазақ қызының болмысын, күшін, ішкі өзегін және отбасымен, мәдениетімен байланысын жеткізу көзделген.
Анель Емелдің модельдік жолы да халықаралық тәжірибемен байланысты. Ол модельдік мансабын Алматыда 17 жасында бастап, 18 жасында Италияға қоныс аударған. Кейін Милан мен Париждегі модельдік агенттіктермен жұмыс істеп, еуропалық және араб брендтерінің сән көрсетілімдеріне қатысқан. Сондай-ақ KIKO және Guess брендтерінің жарнамалық кампанияларында жұмыс істегені туралы дерек бар.
Білім саласында да халықаралық бағыттағы тәжірибесі бар. Анель Италияда IULM университетінде коммуникация және кино бағыты бойынша, сондай-ақ Милан университетінде менеджмент және HR саласында білім алған.
Miss Grand International байқауы бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушылардың таныстырылымы, ұлттық костюмдер шеруі, алдын ала кезеңдер және финалдық бағдарлама — халықаралық сахнадағы негізгі кезеңдердің қатарында. Сонымен бірге қатысушылар жабық сұхбат форматында қазылар алқасы мен байқау басшылығына өздерін таныстырады.
Анель Емел үшін бұл байқау — Қазақстанның атын халықаралық сахнада таныстыруға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Ал көрермен үшін оның байқаудағы әрбір шығуы ұлттық мәдениет пен заманауи қазақстандық модельдің халықаралық аудиторияға ұсынылуына айналады.
Ең бастысы, Анель Емелді «Мисс Мира» деп атауға болмайды. Қазақстанның Miss World 2026 байқауындағы өкілі — Шадияра Байкенова, ал Анель Емел Қазақстан атынан Miss Grand International 2026 байқауына қатысады.
Енді Анель Емелдің халықаралық сахнадағы жолы басталады. Қазақстандық модель Бангкокта ел атынан өнер көрсетіп, өзінің кәсіби тәжірибесін, сахналық дайындығын және ұлттық образын халықаралық көрерменге ұсынады. Байқаудың қорытындысы 10 қазанда белгілі болады.
Назира БУРХАНОВА