Халықаралық бьюти-ритейлер «Золотое Яблоко» Қазақстан астанасында жаңа тарату орталығын іске қосты. Қойма ғимараттарының жалпы аумағы антресольді қосқанда 6 720 шаршы метрге тең, ал сыйымдылығы 6,5 миллион дана өнімге дейін жетеді. Жаңа нысанды іске қосу арқылы елордада 130 жаңа жұмыс орны ашылып, Астана бойынша онлайн-тапсырыстарды сол күні яғни «күнбе-күн» жеткізу мүмкін болмақ.
Тарату орталығының елордада ашылуы - ритейлердің Орталық Азиядағы логистикалық желісін кеңейтудегі маңызды қадамдардың бірі. Жаңа хаб қызмет көрсету сапасын арттыруға, өнім түрлерін кеңейтуге, сондай-ақ еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлерінің тұрғындары үшін онлайн-тапсырыстарды жеткізу мерзімін едәуір жеделдетуге бағытталған.
Жаңа тарату орталығының инфрақұрылымы қойма логистикасының заманауи талаптарына сай жобаланған. Нысан тауарларды тиімді орналастыруға, сақтауға, тапсырыстарды жедел іріктеп, жөнелтуге арналған жалпы аумағы 6 000 шаршы метр болатын заманауи төрт қабатты мезонин түрінде салынған. Биіктікте сақтау аймағы 2 200 паллеттік орынға есептелген, бұл онлайн-бағыт үшін де, офлайн-дүкендер желісі үшін де қажетті тауар қорын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Астанадағы нысанды іске қосу қалаға 130 жұмыс орнын ұсынды, олардың қатарында әкімшілер, менеджерлер, бригадирлер, қоймашылар, операторлар мен таңбалаушылар бар.
Жаңа тарату орталығы қойма операцияларының толық циклін жүзеге асырады: серіктестерден келетін тауарларды қабылдау, заңнама талаптарына сәйкес маркалау және стикерлеу, биіктікте сақтау, интернет-тапсырыстарды жинақтау мен жөнелту, сондай-ақ бөлшек сауда дүкендеріне тауар ағынын бөлу.
Айта кетейік, логистикалық хаб қала аумағында орналасқан. Орналасқан жері мен жолға қойылған көлік қатынасының бар болуы тапсырыстарды жедел әрі жылдам жеткізуге жағдай жасайды.
Компания туралы
«Золотое Яблоко» - халықаралық омниканалды бьюти-ритейлер. Қазақстанда компанияның бес дүкені жұмыс істейді: үшеуі - Алматыда, біреуі - Астанада және біреуі - Шымкентте. Сондай-ақ қазақстандықтар өнімдерді сайт және мобильді қосымша арқылы тапсырыс беріп, оны елдің кез келген өңіріне дейін жеткізу қызметін пайдалана алады. «Золотое Яблоко» желісінде 1 300-ден астам масс-маркет және люкс сегментіндегі әлемдік брендтер ұсынылған. Оның ішінде сәндік және күтім косметикасы, парфюмерия, үйге арналған тауарлар, аксессуарлар, техника және тағы басқалар бар. Компания ондаған қазақстандық брендтерді ұсынады, олардың қатарында Parfum De Vie, Genome, TruNomad, Beautyproff және т.б. бар.
Назира Бурханова