Қазақстан әйелдер құрамасы 2024 жылғы шахмат Олимпиадасының жеңімпазы — Үндістан командасымен тең түсті. 8-тур кездесуі 2:2 есебімен аяқталды. Сегіз турдан кейін Қазақстан екінші орында тұр және көшбасшылық үшін күресті жалғастыруда, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.
Үндістанмен матчта Қазақстанға жеңісті Алуа Нұрман әкелді. Ол екінші тақтада Вайшали Рамешбабуды жеңді. Бибісара Асаубаева Хампи Конерумен, Меруерт Қамалиденова Дивья Дешмукхпен тең түсті. Елназ Қалиахмет төртінші тақтада Шри Савитаға жол берді. Шри Савита Олимпиадада жүз пайыздық нәтижесін сақтап тұр: жеті ойнаған партияда жеті жеңіс.
Қазақстан әйелдер құрамасы үшін бұл турнир кестесінің жоғарғы бөлігіндегі тікелей бәсекелеспен қатарынан екінші тең нәтиже. Кеше қазақстандықтар Қытаймен 2:2 есебімен тең түскен болатын. Бүгінгі турдан кейін Қытайда 15 командалық ұпай бар және турнир кестесінде жеке-дара көш бастап тұр. Қазақстан, Армения және Моңғолияда — 14 командалық ұпайдан, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша қазақстандық команда бәсекелестерінен алда келеді және екінші орында тұр. Тоғызыншы турда Қазақстан әйелдер құрамасы Моңғолия командасымен кездеседі.
Қазақстан ерлер құрамасы сегізінші турды Босния және Герцеговинаны 3:1 есебімен жеңіп аяқтады. Денис Махнёв бірінші тақтада Санжин Чулумды, Сауат Нұрғалиев Рияд Буровичті жеңді. Даниял Сапенов Деян Марьяновичпен, Алдияр Ансат Далибор Стояновичпен тең түсті.
Ерлер құрамасы тоғызыншы турда Польша командасымен ойнайды. Екі командада да 11 командалық ұпай бар.