13-22 мамыр аралығында «Астана Балет» театры Х мерейтойлық маусым аясында Алматыға гастрольдік сапармен барады. Елордалық ұжым жуырда өткен премьералық қойылымдар мен айтулы спектакльдерін паш етпек. Көрермен қауым балет өнерінің классикалық нұсқаларын тамашалап, симфониялық музыкадан ляззат алады.

«Бұл шын мәнінде Алматыдағы ауқымды, үлкен гастроліміз болмақ. Спектакльдердің саны жағынан ғана емес, алдымызда тұрған міндет тұрғысынан. Мерейтойлық маусымда біз алматылық көрерменге ұжымымыз қаншалықты өзгергенін көрсеткіміз келді. Салыстырмалы түрде аз ғана уақыт ішінде жеткен жетістігіміз біршама. Театрымызда классикаға да, экспериментке де ерік берілген. Бізде жас шамасы да, эстетикалық көзқарастары да әр алуан әртістер мен хореографтар еңбек етеді», – деді театр директоры Александр Совостьянов.

13-14 мамырда Ballet Globe аясында Мариинский театрының прима-балеринасы, «Золотая Маска», «Бенуа танца», «Золотой софит» сынды беделді театр сыйлықтарының лауреаты Диана Вишнева «Кармен-сюита» балетіндегі Карменнің рөлін Almaty Theatre сахнасында орындап шығады. Спектакль симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Ол сомдаған Карменге дүниежүзінің талай көрермені тамсанып, орындаушылық техникасы мен адуын темпераментіне тәнті болған. Өркөкірек Хосе мен албырт Тореодордың рөлдерін Ресей Үлкен театрының премьерлері Владислав Лантратов мен Днис Савин орындайды.

Бұдан бөлек, 13 мамырда Баланчиннің Америкада қойған, неоклассиканың шыңы саналатын «Серенада» балеті, 14 мамырда – И.Килианның «Жолдан тайғандар» балеті көрсетіледі. 1989 жылы хореограф бұл туындысын ақ-қара түсті балеттер циклінде көрсеткен болатын. Содан бері бұл балет би әлемінің жауһарына баланып келеді.

16 мамырда Almaty Theatre сахнасында Карина Абдуллинаның музыка мен балет үйлесім тапқан шығармашылық кеші өтеді. Әнші, композитор, «Мюзикола» дуэтінің солисті репертуарындағы әйгілі әндерін орындап, рояльде ойнайды. Дарында саксофоншы Жан Тұрлыбеков екеуі бір сахнада өнер көрсетеді. Кештің арнайы шақырылған қонақтары – Mezzo музыкалық тобы.

Кештің екінші бөлімінде музыкасы мен либреттосын Карина Абдуллина жазған «Тағдыр бұлтарыстары» балеті көрсетіледі. Хореограф Мукарам Авахри музыка ырғағына еріп, түрлі би қойылымдарын шығарды. Шайтан ханабера, Ажал танго, Ғашықтар вальс билеп, ал, «Сот» көрінісінде әртістер лезгин биін билейді. Спектакль Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.

19-20 мамырда Almaty Theatre сахнасында, қалыптасқан дәстүрге сай, ұжымымыз соңғы премьералардың бірі, әйгілі ақын, кинорежиссер Бақыт Қайырбековтың либреттосына Мукарам Авахри қойған «Жібек жолы» балетін көрсетеді. Бұл туынды төрт композитордың шығармасына қойылған: Арман Амар, Владимир Иванофф, Омар Фарук Текбилек және Ренат Ғайсин.

Спектакль авторлары Ұлы Жібек жолымен саяхат құруға шақырады. Бұл спектакльде бас кейіпкер, нақты сюжет иірімдері болмағанымен, бірін-бірі алмастырған көркем бейнелер тізбегі бар: керуен, нефрит, жібек, жіп пен амфоралар. Бірін-бірі алмастырған суреттер мен сахнадағы әрекет көрермен қауымды мәдениеттер тоғысында идеялар мен мән-мазмұн пайда болатын ұзақ жолға шақырады.

22 мамырда Абай атындағы опера және балет театрында «Астана Балет» симфониялық оркестрі мен URKER тобының бірлескен концерті өтеді. Бұған дейін бұл концерт елордасында өткен болатын. көрермен қауым кәсіби шеберлік, мол қуат, жанды дауысқа куә болып, танымал әндерді симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен тыңдай аласыз.

Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.