2023 жылдың 15 маусымында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Клара мен Дана Исабаевалардың жеке коллекциясынан «Тәуелсіздік бейнелері» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен «Экзотика» (Астана) арт-галереясы Клара мен Дана Исабаевалардың жеке коллекциясынан алынған «Тәуелсіздік бейнелері» көрмесін ұсынады. Коллекция ХХ ғасырдың 90-жылдары және екі мыңыншы жылдардың басында қалыптасты. Бұл тәуелсіз Қазақ мемлекеті мен Тәуелсіз Қазақстан өнерінің қалыптасу және құрылу кезеңі.
Қазақтың сәндік-қолданбалы өнері, Кеңестік Қазақстан өнері, социалистік реализм, орыс және еуропалық реалистік дәстүрлер, заманауи өнер – контемпорари арт тәуелсіз Қазақстан өнерінің негізі мен алғышарты болды. Бірақ Тәуелсіз Қазақстан өнерінің ең жарқын ерекшеліктерінің бірі суретшілердің өзінің өткен тарихына, еліміздің ежелгі және жуырда өткен тарихына, мыңжылдықтардың тереңіне және ХХ ғасырдың драмалық оқиғаларына деген зор қызығушылығымен көрініс тапқан ұлттық сана-сезімнің оянуы болды. Тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басында қазақстандық музейлерінде өнер туындыларын сатып алуға бөлінетін мемлекеттік қаржыландыру қысқарды, сондықтан бұл кезең көптеген өнертанушылардың мойындауы бойынша музейлерде өнер туындылары өте аз ұсынылған.
Көрмеге қазіргі заманғы қазақстандық және шетелдік суретшілер – Аркадий Горбатов, Нелли Бубэ, Бейсебек Ақанаев, Гүлжамал Тағенова, ГаБо апалы-сіңлілері, Андрей Назаренко, Александр Ермоленко және т.б. бейнелеген еліміздің байырғы бай тарихи мен ғасырлар бойғы дәстүрлерін, ұлы керуен жолдарының жаңғырығын, заман байланысын, туған жерімізді және оның табиғатын жырлайтын, сыртқы әлемнің шекараларын паш ететін және оның ең қолжетпес сұлулығына таңдану мүмкіндігі сыйлайтын 40-тан астам туындылар қойылған. Шетелдік суретшілердің қатарында қырғыздың көрнекті суретшісі Жырғал Матураиымов, Сан-Францискодан келген суретші Карлос Кузма және гаитидің наив стилінде жұмыс істейтін Доминикан Республикасының суретшілері бар. Бұл кескіндеме және графикалық жұмыстар, сондай-ақ аралас рельефтік техникада орындалған картиналар.
Клара Исабаева бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнерге 50 жылдан астам уақыт бойы әуестеніп, алдымен маркалар, содан кейін кітаптар, содан кейін төлтума өнер туындыларын жинады. Бай коллекциялары бар әлемдегі ең үздік музейлерге барған Клара коллекция құру үшін бірегей әрі ерекше Қазақстан мен Орталық Азия өнерін таңдады.
Аркадий Горбатовтың «Отырар керамикасы» атты тарихи шығыс натюрморты бізді Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық ең бай қаланың тұрмысын бейнелейді. Суретшінің өзі көптеген археологиялық экспедициялар мен қазбаларға жеке қатысқан, бейнеленген қыш бұйымдардың барлығы қазіргі уақытта Астанадағы Ұлттық музейдің Орта ғасырлар бөлімінде көрмеге қойылған нағыз Отырар тарихи құмыралары мен тостағандары.
Бұрынғы заманға сай стильде салынған Нелли Бубенің «Даланың еркелері» атты топтық портреті киіз үйдің ішіндегі жастық шақтың бейқамдылық және қуаныш сезімін бейнелейді. Суретші қазақ қызының алуан түсті әлемін көптеген көмекші ұлттық элементтер арқылы – әйелдердің әшекей бұйымдарымен және ру таңбаларымен, ыдыс-аяқпен: қазан, саптаяқ, үккіш, қоржынмен, сандықпен, көрпелермен және дастарханмен безендірі отырып шебер жеткізді.
Бейсебек Ақанаевтың «Петроглифтер әуені» (2001) атты шығармасы және «Қымыз құятын ыдыстардың жиынтығы» (2004) атты натюрморты біздің тарихымыздың маңызды кезеңдерін бейнелейді – жартастарда өзінің тамаша суреттерін қалдырған алғашқы қазақстандық суретші өмір сүріп, туындыларды жаратқан. Осы жартастағы суреттерден біздің кескіндемеміз, өнеріміз бастау алады. Бейсебек ежелгі петроглифтерді бейнелеу арқылы біздің жеріміз байырғы замандардан бері дарында тұлғаларға бай екенін көрсете білді. Суреттің ортасында аты аңызға айналған музыкалық аспап – қобыз тұр. Оны жасаушы – бірнеше түркі халықтарының – қазақтардың, түрікмендердің, әзірбайжандардың, түріктердің бабасы, Сыр-Дарья даласынан шыққан X ғасырдың музыканты және сазгері Қорқыт ата. Ішектері жылқы жалынан жасалған аспаптың ерекше дыбысы бар, аңыз бойынша ол Қорқыт атаға келген өлімді де қорқытқан. Дала болмысының ең айқын көрінісі, қобыз көптеген қасиетті мағыналарға ие – бұл көшпендінің жан дүниесінің және қазақ музыкасының символы, виолончель мен скрипканың түп атасы, ата-бабаларымыздың өсиеті және біздің мәдениетіміздің ежелгі дәуірінің дәлелі. Бұл ғажап жұмысқа қарап, біз ғасырлар бойы бізге жеткен ата-бабаларымыздың әуендері мен олардың ғибрат сөздерін естігендей боламыз.
Ақанаевтың «Қымыз құятын ыдыстардың жиынтығы» атты натюрморты қазақтың ең жарқын және маңызды өте ежелгі және бізге тәуелсіздікпен оралған Наурыз мерекесін бейнелейді. Суреттің қаныққан жасыл түсі – бұл түрлі-түсті дақтармен көмкерілген гүлденіп, оянған даланың, көктемнің түсі. Жұмыс табиғат пен өмірдің жаңаруын білдіреді.
Клараның қызы Дана Исабаева да коллекциялауға қызығушылық танытты, бірақ оның көңілі әлемнің сұлулығын қалайды – оны Гүлжамал Тагенованың еуропалық пейзаждары – Венеция көріністері, Чех сарайлары, Венаның ерекше үйлері қызықтырады. Сан-Францискода, АҚШ-та оған суретші Карлос Кузьманың қаланың аңызға айналған көрікті жерлерін бейнелеген акварельдері үлкен әсер қалдырды, ол Нью-Йорктен және Майамиден графика суреттерін әкелді. Қазақстандық суретшілердің арасында оған көрмеге қойылған апалы-сіңлі ГаБоның кескіндеме және графикалық жұмыстары қатты әсер қалдырды.
«Өнер адамның ішкі әлемімен байланыстыра отырып, өмірді өзгертетін және эмоционалды әл-ауқатқа ықпал ететін күшке ие», - деп атап өтті Дана Исабаева. Коллекция Қазақстан мен Орталық Азияға деген үлкен сүйіспеншілікке толы.
Экспозицияны шілде айының 10-на дейін тамашалай аласыздар.