2023 жылдың 8 маусымында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Біз біргеміз» атты ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының құрылуының 30 жылдығына арналған көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

"ТҮРКСОЙ" түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы түркі мемлекеттерінің бірлестігі мен интеграциясының өзегі болған беделді мекеме болып табылады. Оның басты міндеті түркі халықтарының рухани жақындасуына және бауырластық бірлігін нығайтуға, түркі әлемінің бай мәдени мұрасын сақтауға және таныстыруға бағытталған.

Салтанатты рәсімге ТҮРКСОЙ Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы - РАЕВ Сұлтан Әкімұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы - Жүдебаев Арман Әділханұлы және ҚР өнер академиясы қоғамдық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты - АҚАНАЕВ Амандос Атибекұлы қатысты.

«Біз біргеміз» көрмесін қазақ бейнелеу өнерінің ең ірі коллекциясын иеленетін Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі ұйымдастырды. Мерейтойлық көрме көшпенділер мәдениетінің ерекшелігін көрсетеді, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстырады. Көрме экспозициясына музейдің қорынан алынған 40-тан астам қазақ бейнелеу өнерінің ең ірі коллекциясы ұсынылды. Аталған көрменің міндеті түркі халықтарының рухани жақындасуын және бауырластық бірлігін нығайтуға, түркі әлемінің бай мәдени мұрасын сақтауға және таныстыруға жәрдемдесу болып табылады.

Іс-шара барысында, ел мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан өнер және мәдениет қайраткерлері ТҮРКСОЙДЫҢ 30-жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды. Олардың қатарында - Әбілхан Қастеев атындағы ҚР МӨМ директоры Жұмабекова Гүлайым Мұсағұлқызы, музейдегі «Реставрация» бөлімінің жетекшісі Қалдыбаева Гүлжан Ахмадиевна және демеуші Абзалхан Құсмай бар.