Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі барша мұсылманның ұлық мейрамы Құрбан айт мерекесіне орай, 2024 жылдың 14-маусымы күні сағат 10:30-да «Ислам руханияты» көрмесін ашады.
Біздің заманымыздың VII ғасырында Арабия түбегінде пайда болған ислам қазіргі кезеңде жер бетіндегі бүкіл адамзаттың рухани өмірінің кемелденуіне және мәдениеті мен өркениетінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан ең соңғы дін. Мыңдаған жылдар бойы Құранмен бірге енген ислам діні мен араб тілінің әсері көптеген ұлыстармен қатар қазақ халқының да діни, саяси, мәдени, тілдік және әлеуметтік қарым-қатынастарына зор ықпал еткендігі тарихта мәлім.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде сақталынып отырған ислам мәдениетіне қатысты құндылықтардың негізгі денін араб, парсы, түрік, шағатай, татар, өзбек, қазақ тілдеріндегі сирек кездесетін қолжазбалар мен бірегей басылымдар құрайды.
Көрме төрінен орын алып отырған экспонаттарды мазмұндық ерекшеліктеріне қарай Құрандар, тәпсірлер, мұхаммадия және мұхтасар кітаптар, діни мазмұнды әртүрлі литографиялық баспа кітаптар деп бірнеше топқа бөлуге болады.
Көрермендер назарына алғаш рет ұсынылып отырған бірегей құнды қолжазба – бұрама қағаз түрінде жасалған пайғамбарлар шежіресі (ұзындығы – 4 м, 45 см., ені – 25 см.). Шежіреде Адам Атадан бастап Мұхаммедті қоса алғанда 25 пайғамбар әулетінің, төрт әділ халифаның және ортағасырдағы сопылық ағымның ұстазы Жәлаладдин Румидің шежіресі қамтылған.
Сондай-ақ, көрмеде орама қағаз түрінде жасалған ерекше қолжазба Құран нұсқасымен (ұзындығы – 9 м, 50 см., ені – 2,5 см.) танысуға болады. Құранда 114 сүре мәтіні өте ұсақ әріптермен бөлек-бөлек жазылған және Алла Тағаланың төрт көркем есімі берілген.
Хронологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ қордағы Құрандардың ең көнесі 1054 һижри/1643 миләди жылдары жарық көрген. Бұдан басқа шығыстың көне қалалары Стамбул, Бомбей, Мысыр баспаханаларында, Ресейдің Петербор, Қазан сияқты ірі орталықтары мен Омбы, Орынбор, Ташкент, Самарқанд шаһарларының табиғханелерінде (баспа) басылып шыққан Құран кітаптар мен әртүрлі діни мазмұнды басылымдар құнды мұра ретінде аталмыш көрмеден орын алып отыр.
Құран Кәрімге арналып жазылған тәпсірлер, дұғалар жинағы, Адам атадан ХІХ ғасырға дейінгі кезеңдерді қамтитын қысқаша тарихи шолу басылымы, музей қорына Мәшһүр Жүсіп Көпеев кітапханасынан келіп түскен мухаммадия кітабы, Мұхамеджан Сералин жазған «Қожалар шежіресі» көрменің экспозициялық мәнін аша түспек.
Аталмыш көрмеде орналасқан бұл ислами рухани дүниелер қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлі дүниетанымдық ерекшеліктерін көрсететін бай құндылықтар қатарына кіреді.
Назарларыңызға ұсынылып отырған көрме Орталық музейдің 3-залындағы арнайы алаңда орналасқан.
Көрме 2024 жылдың шілде айына дейін жалғасады.