Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қазақтың күміс көмей әншісі Мәдина Ералиеваның туғанына 70 жыл толып отыр. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2024 жылдың 14-тамыз күні сағат 15.00-де «Қазақтың Ақбаяны» мәдени-сазды кешін өткізеді.
Мәдина Ералиева 1954 жылы 2-тамызда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. 1974 жылы Қызылорда педагогика училищесінің музыка бөлімін, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының музыка факультетін бітірген.1978-84 жылы әдебиет және өнер институтында жұмыс істеді. 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облысы филармониясының жетекші әншісі болды.
Мәдина Ералиева өзіне ғана тән қайталанбас әншілік мәнерімен, орындау ерекшелігімен дараланатын «Күрең күз», «Сағым жылдар», «Ақбаян» сынды әндері халық жадында сақталып, ел аузында шырқалып жүр.
Әншінің ұлы, туған-туыстары қатысатын шарада Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері, дәстүрлі әншілер Мәдина Ералиеваның репертуанынан әндер орындайды.
Куратор: Айман Уразалина