2025 жылы 7 ақпан күні сағат 19:00-де филармонияның Үлкен залында «Күй күмбірі» атты ерекше музыкалық кеш өтеді. Қазақтың ұлы күй өнерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған концертте Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы – этнографиялық оркестрі өнер көрсетеді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің кавалері Дінзухра Тілендиева. Ал дирижерлік тұғырда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері, профессор Жалғасбек Бегендіков. Бұл кештің ерекшелігі – халықтық өнердің ең үздік өкілдерінің басын қосуы.
Солистер:
Мәдениет саласының үздіктері: Абай Қойшыбаев, Әйгерім Қарсақбаева
Халықаралық байқаулардың лауреаттары: Мақсат Саматов, Гүлнара Сақышова
Қазақтың күйшілік дәстүрінде аттары аңызға айналған біртуар ірі дарындардың есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып келеді. Қазақ халқы күй өнерін ерекше кие тұтып, күйшісін айрықша қастерлеген. Жалпы күй өнерінің дамуы 18-20 ғасырлар десек те болады. Өнердің неғұрлым көне түрі ретінде халықтық күй өнері шығармашылығы әрбір халықтың рухани мәдениеті тарихында, оның адамгершілік және эстетикалық тәрбиесінде айрықша орын алады. Концерттің бағдарламасы қазақтың классикалық күй өнерінің асыл шығармаларынан тұрады. Кеш шымылдығы дәстүрлі түрде күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйімен ашылып, Құрманғазының «Кішкентай», Тәттімбеттің «Азамат қожа» секілді туындылары орындалады. Сонымен қатар, фольклорлы аспаптар шеруі мен Дәулеткерейдің «Жігер», Ақ бикештің «Айнамқалды», Мұхиттың «Айнамкөз» және басқа да қазақтың ұлттық күйлері де тыңдармандарға ұсынылады.
Бағдарламада:
- Н.Тілендиев – «Ата толғауы»
- Құрманғазы – «Кішкентай»
- Тәттімбет – «Азамат қожа»
- Фольклорлы аспаптар шеруі
- Дәулеткерей – «Жігер»
- Ақ бикеш – «Айнамқалды»
- Мұхит – «Айнамкөз»
- Сүгір – «Мың жылқы»
- Құрманғазы – «Көк ала ат»
- Қазанғап – «Көкіл»
- Ақан сері – «Қара торғай»
- Әшімтай - «Қоңырқаз»
- Раздық – «Аңшының зары»
- Қорқыт – «Қоңыр»
- Дина – «Науайы»
- Кетбұға – «Ақсақ құлан»
- Ж.Тәңірберген – «Өсиет»
- Жиенбай жырау – «Жыр бастау»
- Күй тартыс
- Н.Тілендиев – «Махамбет»
Күйші мен домбырашының шеберлігін паш ететін, тыңдаған әр қазақтың жүрегіне рух беретін Н.Тілендиевтің «Махамбет» күйі орындалатын болады. «Күй күмбірі» – қазақ күйінің терең тарихы мен мәдениетін ұлықтайтын, ұлттық өнерімізді жарқыратып көрсететін ерекше музыкалық шара. Қазақ халқының күй өнері мен музыкасының мол мұрасын бағалайтын тыңдармандар үшін бұл кеш ерекше әрі есте қаларлық оқиға болмақ.
Қосымша ақпарат
1982 жылы дүниеге келген Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы – этнографиялық оркестрі қазақтың ұлттық музыка аспаптарының – қазіргі заманғы және байырғы аспаптардың аса бай жинағымен танысу мүмкіндігін береді. Домбыра мен қобыздан басқа «Отырар сазы» оркестрінде байырғы қазақ аспаптары – жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай мен сазсырнай, сыбызғы, сондай-ақ ұрмалы аспаптар – асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, қайрақ үн қатады. Осындай дыбыстардың алуан түрлілігі оркестрге ұлттық фольклордың бай төлтума үлгілерін кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді. Оркестрдің алғашқы бас дирижері, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы, белгілі қоғам қайраткері, композитор Нұрғиса Тілендиев ұжым алдына осындай биік мақсат қойып, ол басқарған оркестр миниатюралар мен әндерді ғана емес, ірі драмалық ойларды да жеткізе алатын мүмкіндігі кең ұжым қатарына көтерді. Бүгінде ұрпақтар сабақтастығын паш етіп оркестрге Н.Тілендиевтің қызы – Динара Тілендиева жетекшілік етеді.