Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі 2025 жылдың 20 ақпанында «Алтын Орда (Жошы Ұлысы) кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» көрмесін ашты.
Көрмені ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон ашып, Қазақстанды Алтын Орда (Жошы ұлысы) империясының мұрагері және сол кезеңнің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтап отырған мемлекет ретінде өз елімізде және халықаралық аренада таныту, тарихи-мәдени мұраларымыздың маңыздылығын дәріптеу бүгінгі көрменің басты мақсаты екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, “Сарайшық” мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры Мұхтар Әбілсейіт және “Ұлытау” ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы директорының орынбасары Айболат Рахманияұлы сөз алып, шараның мән-маңызына тоқталды.
Көрмеге Орталық музей, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының археологиялық коллекцияларынан бірегей артефактілер үш ақпараттық кешенге жіктеліп қойылды. Орталық музей коллекциясында Алтын Орда кезеңінің мәдениеті мен тұрмысын көрсететін XIII-XIV ғғ. артефактілері көшпелі және қалалық мәдениеттің мәдени дәстүрлерінің әртүрлі жақтары мен аспектілерін бейнелейтін қалашықтардан экспедициялар нәтижесінде немесе кездейсоқ табылған жәдігерлер бар.
Көрмеге қойылған материалдар жоғарыда аталған ескерткіштерден табылған және белгілі археолог, т.ғ.д., З.Самашевтің жетекшілігімен Сарайшық қалашығында (2000 ж.) зерттеу жұмыстары негізінде табылған артефактілер, сондай-ақ, архитектуралық қаптамалар және кесенелердің кішірейтілген макеттері көпшілік назарына ұсынылды.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы коллекциялары Ә.Х. Марғұлан және 1946 жылдары археология институтының Жезқазған археологиялық экспедициясының жетекшісі Ж.Смаилов (1991, 1997-1998 жж.) жүргізген археологиялық экспедициясы зерттеулерінің нәтижесінде жинақталған. Жошы хан, Болған ана кесенелерінің маңынан табылған бірегей жәдігерлер – Жошыхан мазарының кіреберіс босағасының табалдырығы, кесене күмбезінің сәндік бұйымы – «құбба», кесененің сыртқы қабырғасын безендіруге арналған сырланған және араб жазулы тақтайшалар, Жошы ұлысы мемлекеті кезіндегі хандардың күміс дирхемдерімен мыс монеталары және т.б.
Жошы Ұлысының Кіші Сарайы - экономикалық, діни және рухани орталық. Ұлы Жібек жолының ықпалымен қолөнері, архитектуралық сәулет құрылысы дамыған қалашық. Көрмеде Сарайшық қалашығынан табылған алуан түрлі шыңылтырлы қыш ыдыстар, металл және әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар және т.б. жәдігерлерді «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы коллекциясы негізінде танысуға болады. Аталмыш артефактілер археолог т.ғ.д. З.Самашевтің (1999-2000, 2003-2005 ж.), музейдің археолог-маманы А.Тұрарұлы жетекшілігімен 2019-жылдан бастап қазіргі таңда жүргізілген археологиялық зерттеулері нәтижесінде табылған.
Сондай ақ, көрме аясында «Алтын Орданың тарихи-мәдени мұралары: қорғау, қайта қалпына келтіру және зерттеу мәселелері» тақырыбында республикалық дөңгелек үстелі өтті. Дөңгелек үстелде ҰҒА академигі Берекет Кәрібай, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов, тарих ғыымдарының кандидаты, белгілі археолог Жолдасбек Құрманқұлов, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлан Атығаев т.б ғалымдар мен ортағасырлық қалалар тарихының зерттеушілері, мәдениеттанушылар, реставраторлар, архитекторлар, музей мен музей-қорық қызметкерлері, өзге де ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандары қатысып, баяндамалар оқылды.