2025 жылдың  15 сәуірінде сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі қолөнер шебері, суретші Тұрбай Мұратбектің «Сағыныштың түсі» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. 

«Сағыныштың түсі»  – автордың музейіміздегі кезекті жеке көрмесі болып табылады. Экспозицияға 40-тан астам инемен кестеленген жұмыстары ұсынылады. Бұған дейін 2022 жылы «SÚR-AQ» атты көрмесі өткен болатын. Тұрбай Мұратбек  өзінің кемелденген шығармашылығымен қатар, басынан өткізген қуаныш пен қайғыны, балалық шаққа сағынышты және жан-дүниесін тербеген  түрлі эмоциялар жиынтығын өз туындыларында шебер көрсете білген.

Суретші кескіндеме және кесте өнерінің түрлі әдіс-тәсілдерін жетік меңгергендігімен ерекшеленеді. Әсіресе, «Инемен кесте» атты авторлық тәсілі бейнелеу өнеріндегі негізгі құралына айналған. Туындының құрылымы мен түстік түзілімін түрлі-түсті жіптер  арқылы ойнатып, кескіндемелік жолақтарды, жағыстарды және кескіндерді аса дәлдікпен кесте арқылы көрсетеді. Жалпы айтқанда, суретші өнері – гобеленнің кестелі нұсқасы дерсің.. Мұратбектің бұл әдісі –  көп уақыт пен шыдамдылықты талап етеді.

Өнеріне арқау еткен тақырыбындағы сюжеттерінің басым бөлігі балалық шақты еске салады. Мысалы, «Көлеңкедегі үн» туындысында жас баланың көлеңкедегі гитара аспабын ойнау үстіндегі уайымсыз, қамсыз бейнесі көрсетілген. Кейіпкердің психологиялық түр-сипаты – арманға толы жас өмірдің керемет естелігі. Дәстүрлі тәрбие мен жаңа буынның үйлескен сәтін туындының екінші планында түскиіз бен оның айналасындағы құрақ көрпелері арқылы шебер байланыстырған.  Екі дәуір өкілдерінің  кездесу сәтін «Ой толғау» атты  шығармасынан көруге болады. Үстел үстінде тілдескен егде тартқан қария мен оған қарама-қарсы отырған жасөспірім қыздың бейнесі – осы екі дәуір өкілдерінің  символын көрсетеді. Жайма шуақ бақша аясындағы атасы мен немеренің тілдесуі – балалық шаққа саяхаттың бір көрінісі.

10042025 4

Жалпы суретшінің көрмеге қойылған жұмыстарынан – түстік түзілімінің қанықтығы, құрылымның нақтылығы, сюжеттердің романтикаға толылығы мен жан әлемнің тыныштық күйге бөленуі сезіліп тұрады. Сюжеттеріне қарап отырып, ауылдың бейқам өмірі, балалық көңілдің тазалығы, жан дүниеңнің тыныштығы мен сағыныш лебі  көркем шеберлікпен жеткізген. Суретші туындыларының тағы бір ерекшелігі – кескіндемелік сюжет бола тұра, кестенің түп тамыры ретінде  дәстүрлі ою-өрнектерді міндетті түрде қолданады. Бұл –  дәстүрлі өнерді ұлықтаудың ерекше  әдісінің бірі болса керек. Тақырып аясында жан дүниеге тыныштық сыйлайтын тұрмыстық өмірдің көріністері, адам санасында қалып қойған ностальгиялық сәттерді шыныменде еске түсіреді. Көркемөнердің ішінде балалық шаққа арналған тақырыптар жан-дүниенің тазалығын талап етеді. Таныстырылған туындылардан дәл сол тазалыққа толы сәттерді көзі қарағы көрерменге жеткізуге ұмтылған. Сол мақсатына жеткендігін осы көрмеден аңғарасыздар.

Тұрбай Мұратбек – ғажап суреткер, романтик, ағартушы және еңбекқор суретші. Ең бастысы, таңдап алынған тақырыпты негізгі нысан ретінде қолдана білетін  шебер.

Тұрбай Мұратбек 1986 – жылы  Алматы қаласында дүниеге келген. 2006 – жылы О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжін, 2011– жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын тәмамдады. 2012-2016 жылдар арасында  Түркияның Анкара қаласындағы Гази университетінде тағылымдамадан өтті. 2021–жылы Қазақ Ұлттық өнер университетінің «станокты кескіндеме» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдады. 2009 – жылдан бері, республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып келеді. 2012-жылдан бері,

О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде ұстаздық қызмет атқаруда. Бірнеше оқу құралдарының авторы.

Экпозиция мамыр айының 4-не дейін жалғасады.

Көрме жетекшісі – Ақжігіт Нүсіп