Кеше Алматыда білім берудегі технологиялар және hi-tech өнімдер туралы «EdCrunch Reload: ақыл-ой мен технологиялардың тоғысуы» атты халықаралық конференцияның бірінші күні өтті.
EdCrunch – білім беру технологиялары саласындағы дамудың негізгі векторларын және оқу процестерін өзгертуге арналған цифрлық құралдарды пайдалану мүмкіндіктерін ұсынатын және жыл сайын ұйымдастырылатын жаһандық іс-шара. Конференция ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шара ұйымдастырушыларының бірі – AITAS холдингі болды.
EdCrunch Reload 2022 шарасына білім берудегі жаңа технологиялар саласындағы қазақстандық және шетелдік 350 сарапшы спикер ретінде шақырылды, олардың қатарында барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының өкілдері, L&D-мамандар, корпоративтік оқыту саласындағы жетекші практиктер және EdTech-ке инвестициялар салатын және оның дамуымен айналысатын бизнес-компаниялардың өкілдері бар. Конференцияға келген 5000-нан астам көрермен білім беру тәжірибесін жобалау, оқыту сапасы, мұғалімнің рөлі, цифрлық құралдарды пайдалану, сондай-ақ білім беру ортасының қажеттіліктеріне жауап беретін инновациялық трансформация сияқты негізгі бағыттарды талқылауға назар аударды.
Кәсіпкерлік ортаның қолдауымен сапалы және қолжетімді білім алуға арналған мүмкіндіктерді ұлғайту және кейіннен инновациялық экожүйе құру конференцияның басты тақырыптарының бірі болды. Конференция сарапшыларының айтуынша, бүгінгі таңда білім және адами капитал салаларына бағытталған инвестициялар қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың негізгі басымдықтарына айналуда.
Осы жолдағы маңызды іс-шараларға ауылдық және қалалық мектептер арасындағы ғылыми және материалдық-техникалық база алшақтығын азайту шараларын жатқыза аламыз. Соның бірі – 2019 жылдан бастап Білім саласын тұрақты дамыту қоры AITAS холдингінің қолдауымен және НЗМ-мен серіктестікте жүзеге асыра бастаған «Ауыл мектебі Powered by NIS» бағдарламасы. Ол оқытудың сапалы әдістемелерін енгізу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мектептерді жаңа жабдықтармен жарақтандыру және тағы басқа ауылдық оқу орындарына қажет дүниелерді қамтиды.
«Креатив, математика және этика – болашақтағы білім берудің үш негізгі аспектісі. Креатив – цифрлық жүйелер ешқашан жасай алмайтын нәрсе, математика – цифрлық заттардың негізі, ал этика — оларды байланыстыратын дүние. Адамды оқыту және дамыту үшін осы үш бағыт қажет, – деді AITAS холдингінің және Білім саласын тұрақты дамыту қорының негізін қалаушы Серік Толықпаев. – AITAS холдингі іске асыратын білім беру бағдарламасы ауыл мектептеріне НЗМ арқылы оқытудың заманауи технологияларын беруге және олардың материалдық базасын жоғары стандарттар бойынша жаңартуға бағытталған. Жақсы білім мен баға аламын деген балаға жайлы және заманауи білім беру үшін барлық жағдай жасалуы керек. Сонда ғана ол толыққанды білімге қол жеткізіп, алғанын шыңдай алады».
Білім берудегі этиканың маңыздылығы тақырыбын Гарвард жоғары білім мектебінің PreK-16 бағдарламасы директорының орынбасары Рэнди-Майкл Теста да қолдады. Ол дәл осы этиканың арқасында балалар бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйренетінін атап өтті. Тең ережелерді құру және түсіну моральдық-этикалық қасиеттерді дамытуға көмектеседі, өйткені мектепте балалар бірінші кезекте қоршаған әлемде қалай өмір сүруді үйренеді.
Талқылау барысында оқыту үдерістерін жаңарту мәселелеріне және қазіргі заманғы білім беру қажеттіліктері мен басымдықтары саласына ерекше назар аударылды. Сапалы мектеп білімінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оқу процестерінде оң эмоционалдық жағдай тудыру және орта білім беруді технологиялық жаңғырту жас ұрпаққа өмір сүретін орнының қайда екеніне қарамастан оқу процесінің тең құқылы қатысушысы болуға мүмкіндік бермек.
«Талантты балалар көп тұратын ауылдар мен қалалар арасында үлкен теңсіздік бар, сондай-ақ білім беруді дамыту өңірлерге бағытталуға тиіс. AITAS холдингінің Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры және Білім беруді тұрақты дамыту қоры дәл осы бағыттарды дамытумен айналысады. Білім шынымен де шалғай аумақтардың әлеуметтік және экономикалық дамуына ықпал ететін басты факторға айналуы мүмкін», - деп атап өтті Aitas kz АҚ бас директоры Евгений Панов.