Бүгін қоғамдық мәселелерді шешу үшін азаматтық технологияларды тәжірибеде қолдану мәселелері Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) Еуропалық Одақтың (ЕО) қаржылық қолдауымен «ITeachMe» ҚҚ-мен ынтымақтастықта «Сіздің дауысыңыз маңызды. Технологиялар арқылы азаматтық шешім қабылдау» жобасы аясында талқыланды.

Жергілікті мемлекеттік ұйымдар мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен азаматтық белсенділер цифрлық белсенділіктің қоғамдық мәселелерді шешуге, азаматтық технологиялар арқылы халықпен өзара әрекетке, әлеуметтік осал топтармен, соның ішінде халықты қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде жұмыс істеуге әсерін талқылады. Шешімдер қабылдау процесіне әйелдер мен жастардың қатысуын арттыруға көмектесетін жобалардың оң тәжірибесі ұсынылды.

«Мықты азаматтық қоғам — жаңа Қазақстанның табыс кепілі. Бүгінгі таңда азаматтық технологиялар мемлекетті басқаруда шешуші рөл атқарады, өйткені олар азаматтарға барлық деңгейлерде белсенді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Осы жоба арқылы біз Қазақстанның  азаматтық технологияларды барлығына қолжетімді ете отырып, заманауи мемлекетке ұмтылуын қолдаймыз. Өзгеріс енгізуші топ ретінде әйелдер мен жастардың бұл процесте рөлі өте маңызды», - деді ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің ынтымақтастық жөніндегі басшысы Йоханнес Баур.

Азаматтық технологиялар — бұл мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсартатын, азаматтарды демократиялық процестерге тартуға ықпал ететін, үкіметтің ашықтығы мен есеп беруін ынталандыратын цифрлық құралдар. Ол құралдарға eGov, eOtinish сияқты мемлекеттік қызметтер, сондай-ақ басқа да азаматтық жобалар жатады. 

«Цифрландыру — бұл қазіргі заманғы технологияларға көшу ғана емес, сонымен қатар халық пен билікті байланыстыратын, өзара әрекеттесуді тиімдірек және әрбір азамат үшін қолжетімді ететін көпір. Біздің жоба қазақстандықтарға белсенді шешімдер қабылдауға, саясатқа ықпал етуге және цифрлық технологиялар арқылы мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынас орнатуға көмектеседі»,  - деп атап өтті ОАЕҚ директоры Ринад Темірбеков.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, цифрлық технологияларды дамытудағы трендтерді, сондай-ақ проблемалар мен болашақ сын-тегеуріндерді анықтады. Бүгінгі таңда Қазақстандағы азаматтық технологиялардың ең тиімді құралдары әлеуметтік желілер болып табылады. Өйткені ол әркімге қол жетімді, пайдалануда қарапайым және мемлекеттік ұйымдар тарапынан тез әрекет етуді талап етеді. 


Анықтамалық ақпарат

"Сіздің дауысыңыз маңызды. Технологиялар арқылы азаматтық шешім қабылдау" жобасы инклюзивті азаматтық технологиялар мен цифрлық сауаттылық, қоғамдастықтың басшылығымен әлеуметтік шешімдер және стратегиялық ақпараттық науқан арқылы Қазақстандағы барлық деңгейдегі шешімдер қабылдау процесінде әйелдер мен жастардың рөлін күшейтуге бағытталған.

Жобаны ОАЕҚ және «ITeachMe»  ҚҚ құзыреттерді дамыту орталығы жүзеге асырады. Жобаны іске асыру мерзімі: 24 ай (2022 ж.ақпан – 2024 ж. қаңтар). Жалпы бюджет: 277,738 Еуро, оның ішінде ЕО-ның 249,964 еуро салымы.