22 және 23 қарашада Алматыдағы Республика сарайында аты аңызға айналған «Яшлык» вокалды-аспаптық ансамблінің 50 жылдығына арналған орасан зор мерейтойлық концерт өтеді. Осы маңызды іс-шараға ансамбль мен шақырылған қонақтардың алтын хиттерін біріктірген мерекелік бағдарлама дайындалды.

Еліміздің мәдени тынысындағы осы бірегей оқиғаның арқасында ғаламат әртістер бір сахнада бас қосады. Олардың ішінде: Дос-Мұқасан, Роза Рымбаева, Дильназ Ахмадиева, Әлішер Кәрімов, Парвиз Назаров, «Яшлык» тобының қазіргі құрамы, сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздары.

1974 жылы Алматыда Мұрат Ахмадиевтің жетекшілігімен құрылған «Яшлык» ансамблі – еліміздің музыка мәдениетіне зор үлес қосып, музыка әлемінің нағыз аңызына айналды. Халық аспаптары мен заманауи аранжировканы үндестіре білген ұжым КСРО ғана емес, шет елдерге де танылды. Мажарстан, Болгария, Румыния және өзге де елдерге гастрольдік сапарлар өткізді.

Музыка өнерінің дамуына және жастарға эстетикалық тәрбие беруге қосқан үлесі үшін ансамбль 1980 жылы Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығымен марапатталды. Заманауи эстрада элементтері, дәстүрлі ұйғыр және қазақ музыкасының синтезіне негізделген бірегей әуен ұжымды әйгілеп тұрған дүниеге айналып, ел ішінде де, одан тыс жерлерде де мыңдаған жанкүйердің ыстық ықыласына бөленді.

«Яшлык» вокалды-аспаптық ансамблі бүкілодақтық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. Соның ішінде, Ленинградтағы Бүкілодақтың эстрада әртістері байқауы (1978), Еревандағы саяси ән байқауы (1979), Мәскеудегі Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінен (1985) маңызды жүлделерді иеленіп, көрермен қошеметіне ие болды.

«Яшлык» вокалды-аспапты ансамблі – тыңдарманның талай буынын әсем әнімен тербеген жай ғана ұжым емес, еліміздің музыка әлеміндегі тұтас бір дәуір. Ұжым өзіндік келбетін жоғалтпай, осы күнге дейін тыңдарман қауымды қуантып келеді. Ансамбль дәстүр мен жаңа музыкалық бағыттардың сабақтастығының үлгісіне айналып, әлі күнге дейін сұранысқа ие.

Аңызға айналған «Яшлык» ансамблімен қауышқан көрермен қауым ұмытылмас эмоцияларға бөленіп, қазақстандық эстраданың алтын жылдарының атмосферасын сезініп, ғаламат хиттердің орындалуынан ләззат алып, өзгеше күй кешері анық. Мерейтойлық концертке ансамбльдің жұлдызды құрамы қатысады: Мурат Ахмадиев (вокал, жетекші), Кахарман Именов (гитара, вокал), Марат Маметбакиев (вокал), Ялкунжан Шамиев (гитара, вокал), Гульбахар Ахмадиева (вокал), Кутлук Геняков (клавишті аспаптар, вокал), Ильгиз Батыршин (соло-гитара), Пайзуллам Иминов (халық аспаптары), Саутжан Сонуров (халық аспаптары, миниатюралар) и Сайдалим Амутов (халық аспаптары, миниатюралар).

Концерт Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қаласы әкімшілігінің және «Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өткізіледі.