Бүгін, 22 тамыз күні, жаңа оқу жылының қарсаңында әлеуметтік жоба «Шыңға өрлеу» тәрбиеленушілері үшін ерекше қуанышты сәттердің бірі болды — олар III Халықаралық «ALMATY CIRCUS FESTIVAL» фестивалінің жеңімпаздары өнер көрсеткен Гала-шоуды тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Бұл тамаша бастама @almatymadeniet және @circusalmaty.kz қолдауымен жүзеге асты. Балалар мен олардың ата-аналары үшін бұл шара қуанышқа, күлкіге және шынайы эмоцияларға толы нағыз мерекеге айналды.

22082025 5

Сахна төрінде көпшіліктің жүрегін жаулаған, шеберлігімен тәнті еткен үздік әртістер өнер көрсетті.Жарқын нөмірлерді Ресей, Аргентина, Моңғолия, Қытай, Қазақстан және Якутия цирк жұлдыздары көрсетті. Балалар әрбір өнер нөмірін шаттықпен қарсы алып, жүрек жарды күлкісі мен ду қол шапалағымен сүйемелдеді.

Ерекше әсер қалдырған қойылымдардың бірі — Ю. Никулин атындағы Мәскеудегі Цветной бульвар циркінен келген, ТМД-дағы ең үздік клоунның өнері болды. Оның қайталанбас әзіл-қалжыңы, көрермендерді ойынға тарта білу қабілеті және шынайы өнері кішкентай да, ересек те көрермендердің жүрегін баурап алды.

22082025 6

«Шыңға өрлеу» әлеуметтік жобасының тәрбиеленушілері үшін бұл күн — тек циркке жасалған саяхат қана емес, жаңа оқу жылы қарсаңында тартылған шынайы сый болды. III Халықаралық «ALMATY CIRCUS FESTIVAL» жеңімпаздарының өнерімен өрнектелген Гала-шоу балаларға қуаныштың сан қырын, шаттықтың шынайы сәттерін сыйлап, көңілдерінде ұзақ сақталатын естеліктерге айналды.

Бұл әсерлі күнді мүмкін еткен Алматы мемлекеттік циркінің директоры Жаиков Максат Маратбекұлына «Шыңға өрлеу» әлеуметтік жобасы мен «Жетісу Күші» қоғамдық қорының атынан айрықша алғыс айтамыз. Балалардың жүрегіне шаттық ұялатқан осындай игі бастамалар олардың болашағына сенім мен шабыт дарытатыны сөзсіз.