Жақында Алматыда режиссер Думан Еркімбектің толықметражды дебюттік жұмысы – «QAITADAN» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Бұл туынды – Қазақстанда түсірілген апат туралы алғашқы көркем фильм. Фильмді Dala Cinema киностудиясы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірген. Картина 4 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында кең прокатқа шығады.
Фильмде өзімшіл қала баласы Рауанның оқиғасы баяндалады. Маңызды спорттық жарыс алдында ата-анасының қалауымен ауылға келген ол уақыттық тұзаққа тап болады – оқиғалар қайта-қайта қайталана береді. Тығырықтан шығуға тырысқан Рауан жойқын апатқа куә болып, өміріне деген көзқарасы түбегейлі өзгереді.
Соңғы алты жыл ішінде ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен 118 отандық фильм түсіріліпті. Қазақстандық туындылар 280-нен астам халықаралық фестивальге қатысып, 157 жүлдеге ие болған.
Фильмнің продюсері Жалын Тілеубергенов түсірілім барысындағы қиындықтар мен қызықтар туралы айтты.
«Шығармашылық топ бөгетті төрт-бес рет тұрғызып, қайта-қайта жарды. Алғашында бәрі ойдағыдай шықпады, қайта жасауға тура келді. Бірақ көрерменге сенімді ету үшін шынайы кадрлар қажет болды. Бұл өте қиын, бірақ бізді шабыттандырған жұмыс болды», – деді ол.
Фильмнің түсірілімі Алматы облысында өтті. Картинаның көркемдік шешімдері үшін жауапты – Бекен Нарбай, ал продюсерлері – Жалын Тілеубергенов пен Талғат Сырманов. Басты рөлдерде: Жасұлан Көпберген, Шұғыла Ешенова, Айбек Әзімбек және Ермек Шынболатов.
Назира Бурханова