«Miss Qazaqstan 2025» титулының иегері Алина Ри «Miss Universe 2026» халықаралық байқауында Қазақстан атынан өнер көрсетіп, шетелдік жанкүйерлер мен сарапшылардың назарын аударды. Қатысушы халықаралық рейтингтерде де аталып жүр. Қазақстандық ару байқаудың ТОП-30 қатысушысының қатарына еніп, еліміз үшін тарихи нәтижеге қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Оның байқаудағы ерекше сәттерінің бірі – қанатының құлашы 4,5 метрге жететін механикалық алтын қанаттары бар бүркіт бейнесіндегі ұлттық костюммен сахнаға шығуы.
Биыл халықаралық «Miss Universe» сұлулық байқауына 75 жыл толып отыр. Мерейтойлық маусым Пуэрто-Рикода өтіп, әлемнің әртүрлі елдері мен аумақтарынан келген 116 қатысушыны біріктірді. Гранд-финал 24 қарашада Coliseo de Puerto Rico José Miguel Agrelot аренасында өтеді. Сол кеште байқаудың жаңа жеңімпазы анықталады.
21 қарашада байқаудың ең әсерлі кезеңдерінің бірі – National Costume Show өтті. Бұл кезеңде қатысушылар өз елдерінің мәдениеті, тарихы мен дәстүрінен шабыт алған ұлттық образдарын көпшілікке ұсынды. Қазақстан атынан Алина Ри «Алтын бүркіт: Қазақстан рухы» атты ерекше костюммен сахнаға шықты.
Ұлттық образдың басты ерекшелігі – құлашы 4,5 метр болатын механикалық алтын қанаттар. Қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымында айрықша орын алатын бүркіт күш-қуаттың, еркіндік пен тәуелсіздіктің символы саналады. Костюмнің тұжырымдамасы Қазақстанның мемлекеттік туымен де үндеседі. Аспан түстес көгілдір реңктер, алтын күн мен қалықтаған қыран бейнесі киімнің әр бөлшегінен көрініс тапқан.
Бұл әсерлі образдың артында «SV Muse» кәсіби командасының алты айдан астам уақытқа созылған еңбегі жатыр. Салмағы шамамен 30 келі болатын костюм толығымен қолмен жасалған. Оны безендіру үшін табиғи қауырсындар, қазақ жерінің байлығы мен молшылығын бейнелейтін алтын түстес шілтер және қолмен жеке-жеке орнатылған 10 мыңнан астам сәндік тас пайдаланылған. Ұзындығы бес метр болатын шлейф жайылған қанаттармен үйлесіп, сахнада қалықтап ұшу әсерін тудырды. Ал «Amilio Brand» командасы ұлттық костюмге арнайы эксклюзивті әшекей бұйымдар топтамасын әзірледі.
«Miss Qazaqstan» ұлттық сұлулық байқауының директоры Рамина Ибрагимованың айтуынша, Алина Ридің өнер көрсетуі биылғы байқау маусымындағы маңызды сәттердің біріне айналған.
«Алина керемет өнер көрсетіп, елімізді халықаралық сахнада жоғары деңгейде таныстырды. Костюм сахнада ерекше жарқырап, мемлекеттік туымыздың түстерін мінсіз жеткізе білді», – деді Рамина Ибрагимова.
Алина Ридің «Miss Universe 2026» байқауына қатысуы халықаралық аудитория арасында үлкен қызығушылық тудырды. Оның фотосуреттері мен бейнежазбалары шетелдік сұлулық байқауларына арналған танымал парақшаларда жарияланып, жанкүйерлер мен рейтинг авторлары қазақстандық аруды фавориттер қатарында атап жүр. Әсіресе ұлттық костюмі көпшіліктің назарын аударды. Оның көркемдігіне тіпті «Miss Universe» байқауының басшысы да жоғары баға берген.
Алинаға деген қызығушылық әлеуметтік желілермен шектелген жоқ. Оның фотосуреті биыл халықаралық байқауды қабылдап жатқан Пуэрто-Рикодағы жетекші газеттердің бірінің мұқабасына шықты. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары мен халықаралық байқау қауымдастығының назары Қазақстан үшін биылғы маусымның маңызын арттыра түсті.
Қазақстандық қатысушыны қолдауда отандастарымыздың да үлесі зор. MU Fan қосымшасындағы көрермендер дауыс беруі қатысушыларға жартылай финалға жолдама алу үшін күресуге қосымша мүмкіндік береді.
Осылайша, «Miss Universe 2026» байқауы Қазақстанның халықаралық сұлулық додасына қатысу тарихындағы маңызды кезеңдердің біріне айналуы мүмкін. Алина Ридің ұлттық костюмі, шетелдік аудиторияның қызығушылығы және еліміздің атынан жартылай финалға жолдама алу жолындағы талпынысы биылғы маусымды қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше етіп отыр.
Назира Бурханова