Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев дәстүрлі тамыз кеңесінде балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен қамтамасыз ету шаралары туралы айтты.
«Алматы мектептері посковидтік кезеңде: Білім сапасы, балалардың денсаулығы және отбасының рөлі» атты онлайн-форум барысында мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа оқу жылында мектепке дейінгі білім беру саласында өткен жылы қолға алынған бастамаларды іске асыру жөніндегі жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.
«Біз қазірдің өзінде мектепке дейінгі салаға жеке секторды тартудың жақсы үрдісін көріп отырмыз. Бұл жеке инвесторлар арасында жүргізілген белсенді түсіндіру жұмыстарының, сондай-ақ қала әкімдігінің айтарлықтай қолдауының арқасында мүмкін болды», - деді Б. Сағынтаев.
Мәселен, осы жылдың басынан бері қалада 72 жекеменшік балабақша жұмыс жасауда, оларға қазір 4 мыңнан астам бала баруда, айта кетерлігі олардың 42-і жазғы кезеңде ашылды.
Осылайша, қазіргі кезде қалада барлығы 860 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 22%-ы немесе 189-ы мемлекеттік меншікте. Бүгінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі 69 490 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған, оның ішінде 3 жастан 6 жасқа дейінгілер - 63 920 бала.
Биылғы жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылмен салыстырғанда 10244 орынға ұлғайтылды және орналастырылды, оның ішінде ағымдағы жылы ашылған 4378 орынды 67 жаңа жеке балабақша да бар.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды ұлғайту және балабақшалардағы кезекті азайту мақсатында өткен жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін жаңадан ашылған жекеменшік балабақшалардың тамақтану құнын жергілікті бюджет қаржысы есебінен субсидиялау механизмі белсенді түрде енгізілді.
Үкіметтің қолдауымен әкімдіктің бұл бастамасы жеке мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленетіндердің ата-аналарын қолдауға, жеке ұйымдардың қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға бару құнын теңестіруге бағытталған. Биылғы жылы жергілікті бюджеттен азық-түлік шығындарын өтеуге 343 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Жаңа балабақшаларды салу жалғасуда. Бүгінде Бостандық және Наурызбай аудандарында 360 орынды 3 мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталды және Түрксіб ауданында 280 орынды балабақшаның құрылысы жалғасуда.
Жақын арада 1920 орынды тағы 10 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымның құрылысы жоспарлануда.
Әуезов ауданында ұзақ мерзімді жалға беруден қайтарылған әрі күрделі жөнделіп, сейсмикалық күшейтілген 315 орынды мемлекеттік балабақша балаларды қабылдауға толық дайын.
Нақтылы шаралар аясында қайтарылған 640 орынды бұрынғы мемлекеттік балабақшалардың 2 корпусына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады.
Бұдан өзге, әкімдік Алмалы, Әуезов және Жетісу аудандарында әрқайсысы 320 орынға есептелген тағы 4 балабақшаны сатып алады.