29 қыркүйекте аталып өтетін Дүниежүзілік жүрек күні қарсаңында Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жоғары санатты кардиолог, қалалық кардиологиялық орталықтың кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Зульфия Мақашеваның қатысуымен брифинг өтті. Сарапшы қауіп факторлары, алдын алу әдістері және жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте диагностикалаудың маңыздылығы туралы айтты.
Жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуының негізгі себептерінің ішінде дәрігер тұқым қуалау бейімділігін, жоғары қан қысымын, жоғары холестерин деңгейін, темекі шегуді, семіздікті және қозғалысы аз өмір салты екенін атап көрсетті.
«Бұл факторлар миокард инфарктісі және инсульт сияқты жүрек ауруларының қаупін арттырады. Ауруды асқындырып алмау үшін оларды бақылау өте маңызды», - деп атап өтті З.Мақашева.
Ол сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу өмір салтын өзгертуді қажет ететінін еске салды.
«Темекі шегуден бас тартып, тұзды азайтып, физикалық белсенділікті арттырып, дұрыс салмақты сақтау қажет. Тіпті тамақтану мен күнделікті режимдегі азғантай өзгерістердің өзі жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін айтарлықтай төмендетуі мүмкін», - деп кеңес берді ол.
Сарапшы сонымен қатар физикалық белсенділіктің жүрек денсаулығы үшін маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, тұрақты физикалқ жаттығулар жасау жүрек-қан тамырлары денсаулығын сақтауға көмектеседі. Ол аптасына кем дегенде 150 минут жүру, жүзу немесе велосипед тебу сияқты аэробты жаттығуларға көңіл бөлуді ұсынады.
Кардиолог сонымен қатар теңдестірілген тамақтанудың маңызын атап өтті.
«Тамақтану рационы талшыққа, омега-3 май қышқылдарына және қаныққан майға бай тағамдар болуы керек. Бұл холестериннің қалыпты деңгейін сақтауға және жүрек ауруларының алдын алуға көмектеседі», - деп толықтырды ол.
Дәрігер Қазақстанда белсенді жұмыс істейтін заманауи скринингтік бағдарламалар ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектесетінін атап өтті.
«Скринингтік тексерулер ауруды ерте кезеңде немесе оған бейімділікті анықтауға, оңтайлы емдеуді таңдауға және алдын алу шараларының кешенін тағайындауға көмектеседі. Артериялық гипертония мен жүректің ишемиялық ауруын ертерек анықтауға 40 жастан асқан, 2 жылда 1 рет, осы ауру бойынша диспансерлік есепте тұрмайтын ерлер мен әйелдер шақырылады», - деп қорытындылады З.Мақашева.
ӨКҚ спикерінің мәліметінше, 2024 жылы Алматыда 145 979 адам скринингтік тексеруден өтті, бұл 9 992 пациентте жүрек ауруын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік берді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ