Қарасай батыр көшесіндегі жаяу жүргіншілер аллеясын абаттандыру жұмысы аяқталып қалды. Бұл аллея Наурызбай батыр көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі аралықты қамтыған. Қала орталығының маңызды бөлшегіне айналған көше енді жаңа сипатқа ие болып, заманға лайық, жайлы және көгалдандырылған кеңістікке айналды. Жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында қолға алынып, ол жақын маңдағы жаңартылған Қарағайлы скверімен жалғасқан.

Бұл екі кеңістік бірігіп, қаланың жасыл инфрақұрылымының өзара байланыстыратын біртұтас жаяу жүргіншілер мен демалыс аймағын құрайды, деп мәлімдеді Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин баспасөз туры барысында.

Қарасай батыр көшесінің бойындағы аллея – бұл жай ғана жаяу жүргіншілер дәлізі емес, ол алматылықтардың күнделікті өмірінің маңызды бөлігі. Мұнда дәмханалар жұмыс істейді, халық серуендеп, кешкі уақытта тұрғындар ағаштың саясында демалады. Бұл аумақта соңғы рет жөндеу жұмысы 2017 жылы жүргізілген, содан бері кеңістік өзінің көркемдік келбеті мен бірқатар қызметін жоғалтқан еді. Тұрғындардың өтініші мен қалалық биліктің қолдауының арқасында мұнда 2025 жылдың сәуірінде күрделі жөндеу жұмысы басталды. Қазір жұмыстың 70% аяқталған. Қалған жұмыстар шілденің алғашқы онкүндігінде аяқталып қалады деп жоспарланып отыр.

Абаттандырудың жалпы аумағы – 8 500 м². Оның 8 200 м² жуығы көгалдандырылды. Барлық жамылғылары жаңартылды: 3 120 м² асфальтталып, 1 865 м² алаңға қалыңдығы 6 см болатын брусчатка төселді. Сонымен қатар, 206 метр бордюр мен 1 947 метр поребрик орнатылды. Кіші архитектуралық формалар мен жарықтандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді: 18 жаңа орындық пен жаңа үлгідегі 28 шам орнатылды.

3 200 м² ескі жабын алынып тасталып, 10 ағаш кесілді. Бұл көшенің табиғи келбетін сақтап қана қоймай, оның экологиясын жақсартуға да сеп болмақ.

«Абаттандыру тұжырымдамасы орнықты қалалық даму және жаяу жүргіншілерге басымдық беру қағидаттарына негізделген. Қарасай батыр көшесі қатынайтын бағыт қана емес, серуендеуге, кездесу мен демалуға арналған жайлы, қауіпсіз қалалық кеңістікке айналады. Алматы өзгеріп, абаттанып, жайлы қалаға айналып жатыр», – деп толықтырды аудан әкімі.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ