Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдауға байланысты бір жылғы жұмыстың қорытындысы жарияланды.
2025 жылы Ерте араласу орталығы ашылып, «JobCoach» бағдарламасының пилоттық жобасы іске қосылып, Отбасылық қолдау орталығы 1700-ден астам адамға атаулы көмек көрсетті, 1192 адам жұмыспен қамтылып, бизнес пен ҮЕҰ-мен мекемеаралық байланыс жаңа деңгейге шықты. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Богдан Джепка осылай деп хабарлады.
Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар миллионнан астам адам тұрады. Олар елдің қоғамдық, кәсіби және мәдени өміріне белсене араласып отырады. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан осындай азаматтардың құқығын қорғау мен оларды қоғамға кіріктіруді көздейтін жүйелі саясат қалыптастырды: БҰҰ Мүгедектер құқықтары туралы конвенциясының Факультативтік хаттамасын ратификациялап, реабилитацияны дамыту мен Әлеуметтік кодекстің қабылдануы соған дәлел. Алматы осы істе алдынғы қатарда табылып, 2025 жылы екі маңызды жобаны - ерте араласу орталығын және Германияның кәсіби сүйемелдеу моделіне негізделген «JobCoach» бағдарламасын іске қосты. Қазірдің өзінде 10 маман даярланған, олардың 5-і Германияда оқып келіп, халықаралық сертификаттар алды.
Отбасылық қолдау орталығы да біраз жұмыс бітірді. Жыл басынан бері 1701 адам көмек алса, ақпараттық-кеңес беру қызметін шамамен үш мың тұрғын пайдаланған. Орталық қызметкерлері жүздеген азаматқа психологиялық, құқықтық қолдау көрсетіп, 161 рет мобильді топпен сапарға шығып, қиын жағдайға тап болған 600 адамды анықтап, қолдау көрсетіп, 654 адамға көмек ұсынды. Мамандарды оқыту да маңызды жетістік болды. 4559 адам FSM Social платформасында жұмыс істеу бойынша дайындықтан өтті. Орталық 75 әлеуметтік іс-шара мен 79 акция өткізіп, 3 отбасы қайта қосылды, өрттен зардап шеккен 20 отбасыға көмек берілді, 14 адамға мүгедектік тобын рәсімдеуге жәрдем көрсетіліп, 20 азамат жұмыспен қамтылды.
Ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға биыл ерекше көңіл бөлінді. 2722 жұмыс орнына белгіленген квота аясында 1192 адам нақты жұмыспен қамтылды. Еңбек мобильдігі орталығына 2260 үміткер жүгінген, олардың 1835-і жұмыссыз ретінде тіркелген. Тұрақты жұмысқа 342 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 329 адам, қоғамдық жұмысқа 313 адам, жастар тәжірибесіне 15 адам орналасты. 37 адам кәсіби оқудан өтті, 221 адам «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқытылды, 63 адам өз ісін ашуға грант алды. JobCoach жобасы 90 қатысушыны қамтыды: олардың 51-і тұрақты жұмысқа тұрды, 39-ы белсенді жұмыспен қамту бойынша қолдау алды. Enbek.kz порталында бүгінде 160 жұмыс берушіден шамамен 500 бос жұмыс орны қолжетімді.
Богдан Джепканың айтуынша, 2025 жылы серіктестермен жұмыс істеу жағы да қарқын алған: жұмыс берушілермен кездесулер, ҮЕҰ және бизнес өкілдерімен семинарлар, Еуропалық білім қорының сарапшыларымен консультациялар, сондай-ақ инклюзивті еңбек нарығын және «Тең қоғам» жобасын дамыту бойынша ауқымды кездесулер өткізілген.
Қорытындылай келе, спикер Алматының мүгедектігі бар адамдарды қолдауда айтарлықтай алға жылжығанын атап өтті. JobCoach жобасын кеңейтіп, қызметтерді цифрландыру, көшпелі көмек форматтарын арттырып, қолжетімді орта мен реабилитацияны дамыту сияқты әлі де біраз шаруа бар.
«Алматы дұрыс бағытта келе жатыр, біздің міндетіміз – енді осы қарқынды бәсеңдетіп алмау», - деп сөзін аяқтады Богдан Джепка.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ