Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Руслан Байсұлтанов ерекше қорғалатын табиғи аумақтың өрт пен сел қаупі жоғары кезеңдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алып жұмыстары туралы баяндады.
Оның айтуынша, қорық аумағында алдын алу мен күзет жағы күшейтіліп, патрульдік бағыттарда қосымша бақылау ұйымдастырылған. Сондай-ақ қызметкерлер қауіпсіздік техникасы мен төтенше жағдайр кезіндегі іс-қимылдар бойынша тұрақты түрде нұсқамадан өтіп жатыр екен.
2026 жылғы 28 мамырда Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында Алматы мемлекеттік табиғи қорығының, Іле-Алатау ұлттық паркінің Талғар филиалының қызметкерлері, полиция бөлімшелері, Төтенше жағдайлар департаменті мен өртке қарсы қызмет өкілдері бірлескен оқу-жаттығу өткізді.
«Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – мүдделі қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіру мен таулы аймақта өрт шыққан жағдайда әрекет ету алгоритмін пысықтап алу», – дейді Руслан Байсұлтанов.
Жаттығу барысында шартты орман өртін оқшаулау, өрт аймағында қалған адамды құтқару, сондай-ақ өрт ошағының айналасында минералдандырылған қорғаныс жолағын жасау бойынша іс-қимыл пысықталды. Оқу-жаттығуға барлығы 15 техника бірлігі мен 90-ға жуық адам қатысты.
Спикердің айтуынша, қорық аумағында тәулік бойы кезекшілік жүйесі жұмыс істейді. Талғар мен Есік бөлімшесінде кезекшілік тұрақты негізде ұйымдастырылған. Ал орталық кеңседе демалыс пен мереке күндері қосымша қорық қызметкерлері кезекшілікке тартылады.
Жедел әрекет ету үшін қажетті техника мен құрал-жабдық қоры жасақталған. Мекеме иелігінде өрт сөндіру автокөлігі, шағын орман патрульдік кешені, мотопомпалар, трактор, экскаватор, өртке қарсы су резервуарлары, сондай-ақ аумақты бақылауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараты да бар.
Профилактикалық жұмыс аясында биыл төрт өртке қарсы ақпараттық аншлаг жаңартылды. Баспа басылымдарында 11 материал жарияланды, оның алтауы табиғи өрттің алдын алуға арналды. Қорыққа келушілерге 45 ақпараттық жадынама таратылып, 17 дәріс пен кездесу өтті.
«Төтенше жағдайдың алдын алу мен қорықтың бірегей келбетін сақтап қалу негізгі міндетіміз», – деп атап өтті Руслан Байсұлтанов.
Сондай-ақ ықтимал төтенше жағдайға дайындықты қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 1 500 литр болатын жанар-жағармайдың қоры құрылыпты. Оның құрамына бензин мен дизель отыны кіреді.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі