Алматы қаласының Бостандық ауданында микроблог жүргізу және әлеуметтік желілерді қалалық мәселелерді шешу құралы ретінде пайдалану тақырыбында мастер-класс өтті. Қатысушыларға сұранысқа ие контент жасау, өзекті мәселелерге қоғам назарын аудару және мемлекеттік органдармен сындарлы диалог орнату жолдары түсіндірілді.

Бүгінде әлеуметтік желілер өзін-өзі таныту алаңы ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастырып, тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы байланысты нығайтатын тиімді құралға айналды. Аулалардың, көшелердің, қоғамдық орындар мен қалалық инфрақұрылымның жағдайы туралы тұрғындардың жарияланымдары мәселелерді дер кезінде анықтап, жауапты қызметтердің назарын аударуға мүмкіндік береді.

Осы тақырыпқа арналған мастер-классты Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімдігі ұйымдастырды. Кездесуге жаңадан блог жүргізе бастаған авторлар, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушылары, сондай-ақ PR және коммуникация саласының мамандары қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар өз бағытын анықтау, аудитория қалыптастыру және тек қаралым жинап қана қоймай, қоғамға пайда әкелетін контент жасау жолдарын талқылады. Әсіресе жергілікті блогингке және авторлардың өз ауданының өміріне белсенді араласуына ерекше назар аударылды.

Кездесуде lifestyle-блогер Сауле Сергазинова өз тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, блогты дамыту үшін мінсіз жағдайды күтудің немесе бірден ауқымды жобаларға кірісудің қажеті жоқ. Күнделікті өмірдегі қарапайым оқиғалар мен байқаған дүниелерді жариялаудан бастауға болады. Мұндай жазбалар аудиторияның қызығушылығын оятып, нақты әрекеттерге де түрткі болуы мүмкін.

Сонымен қатар блогерлердің тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы кері байланысты қалыптастырудағы рөлі талқыланды.

«Бүгінде блогингтің түрі көп: сындарлы, сыни, өзгерістерге бағытталған немесе белгілі бір мәселеге назар аударуға арналған контент бар. Біздің міндетіміз – блогерлермен және тұрғындармен ашық диалог орнату. Осылайша оларды толғандыратын мәселелер туралы жедел ақпарат алып, шешу жолдарын бірлесіп қарастыра аламыз», – деді Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Әкімдік әлеуметтік желілерде жарияланған ауданның тыныс-тіршілігіне және қалалық мәселелерге қатысты тұрғындардың өтініштері мен жазбаларына назар аударуды жоспарлап отыр. Мұндай өзара байланыс проблемалық учаскелерді жедел анықтауға, кері байланыс алуға және аудандық қызметтердің жұмысын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Мастер-класстың практикалық жалғасы ретінде «Бостандық – тұрғындар көзімен» атты шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Қатысушыларға ауданның өздері жақсы көретін орындарын, жайлы аулаларын, абаттандырылған көшелері мен қоғамдық кеңістіктерін, сондай-ақ назар аударуды қажет ететін мәселелерді көрсететін бейнероликтер немесе Stories сериясын әзірлеу ұсынылды.

Байқауға қатысу үшін авторлар жұмыстарын әлеуметтік желілерде арнайы хештегтермен жариялап, Бостандық ауданы әкімдігінің ресми парақшасын белгілеуі қажет. Байқау қорытындысы бір аптадан кейін шығарылады. Үздік жұмыстардың авторларына демеушілер атынан бағалы сыйлықтар табысталады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың мақсаты – блогерлер қауымдастығын дамыту ғана емес, әрбір тұрғын өз ауданының өркендеуіне үлес қоса алатын белсенді қалалық орта қалыптастыру. Өйткені күнделікті өмірдегі мәселелерге назар аудару, қоғамдық бастамалар мен ашық диалог қаланың оң өзгерістеріне жол ашады.

Назира Бурханова