Алматыда халықтың құқықтық сауатын арттырып, заң көмегін қолжетімді етуді көздейтін «Заң мен әділдік – елдің іргетасы» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бастаманың негізгі бағыттары, қала тұрғындарына қолдау көрсету жолдары және алдағы қалалық құқықтық форум туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде жан-жақты баяндалды.
Жобаның кеңесшісі Айгерім Қадырқұлованың айтуынша, бастама тұрғындар жиі кездесетін құқықтық мәселелерді шешуге бағытталған. Олардың қатарында еңбек даулары, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, отбасылық мәселелер, мұрагерлік, алимент өндіру және интернет-алаяқтыққа қатысты жағдайлар бар.
«Қала тұрғындары күн сайын түрлі құқықтық мәселеге тап болады. Көбіне олар өз құқығын, қандай құжат жинау керектігін, қайда жүгіну қажет екенін біле бермейді. Кейбірі содан қолын бір сілтеп, енді бірі мәселені заңды жолмен емес, жанжал арқылы шешпек те болады. Жобаны осы жағдайды өзгерту үшін қолға алып отырмыз», – деп түсіндірді спикер.
Жоба үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асады. Бірінші бағыт аясында кездесулер өткізіліп, ақпараттық жадынамалар мен бейнероликтер әзірленеді, әлеуметтік желілер арқылы құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Екінші бағыт тұрғындарға заң көмегін көрсетуге арналған. Бұл ретте заңгерлер, адвокаттар, нотариустар, медиаторлар мен мемлекеттік органдардың өкілдері көмек көрсетеді. Үшінші бағыт балалар мен жастарға арналған. Олар үшін құқықтық тақырыптағы интерактивті ойындар мен викториналар ұйымдастырылмақ.
Тұрғындардың өз құқықтарын заңды жолмен қорғай алған оқиғаларына негізделген «Мен заңға сенемін» атты бейнероликтер топтамасын әзірлеу де жобаның жеке бағыты ретінде қарастырылған. Онда нақты мысалдар арқылы қайда жүгіну керектігі, қандай құжаттарды дайындау және түрлі жағдайда не істеу қажеттігі түсіндіріледі.
Жобаның серіктестерінің бірі – «Тұран» университеті. Оның базасында 27 қараша күні «Әділетті қала» атты қалалық құқықтық форум өтеді. Университеттің стратегиялық даму, ғылым мен инновация жөніндегі проректоры Дина Разақованың айтуынша, бұл бастамаға қатысу жоғары оқу орнының маман даярлаумен ғана шектелмей, қала өміріне де белсенді араласатынын көрсетеді.
«Университет маман даярлап қана қоймай, сонымен қатар қала өміріне де белсене араласуы керек. Құқықтық мәдениет – кез келген қоғамның іргетасы. Ол ең алдымен жастардың арасында қалыптасады», – дейді Дина Разақова.
Ынтымақтастық аясында университеттің заңгер оқытушылары форумның сараптамалық бағдарламасына қатысады, ал студенттер ерікті ретінде келушілерге бағыт-бағдар береді. Сондай-ақ оқушылар мен студенттерге арналған «Заң туралы шындық па, әлде миф пе?» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылады. Онда кең таралған құқықтық жаңсақ түсініктер, цифрлық қауіпсіздік және интернеттегі жауапкершілік мәселелері қамтылады.
Форум тұрғындар, мемлекеттік органдар мен заңгерлік қоғамдастық өкілдері арасындағы өзара байланысқа арналған ашық алаңға айналады. Жоғары экономика мектебінің директоры Эльмира Ералина форумның басты мақсаты – қала тұрғындары үшін құқықтық көмекті қолжетімді етіп, ашық диалог орнатуға жағдай жасау екенін атап өтті.
«Форум аясында бұл кедергілер жойылады. Тегін кеңес беріледі. Алдын ала жазылып әуре болудың қажеті жоқ. Кеңес беру үстелі сахнадағы бағдарламамен қатар, іс-шара бойы жұмыс істейді. Бұл әсіресе егде жастағыларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі барлар мен жастарға қажет. Яғни заң талабын түсінуге қиналатын тұрғындарға керек», – дейді ол.
27 қараша күні сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін «Тұран» университетінде «Құқықтық көмек», «Отбасы құқығы», «Тұтынушылардың құқығын қорғау», «Еңбек құқығы», «Цифрлық қауіпсіздік» және «Медиация» бағыттары бойынша алты консультациялық үстел жұмыс істейді. Қала тұрғындары заңгерлерге, адвокаттарға, нотариустар мен медиаторларға тегін жүгіне алады. Алдын ала жазылу талап етілмейді. Ұйымдастырушылар нақты мәселеге қатысты құжаттар болған жағдайда, олардың көшірмесін өзімен бірге алып келуге кеңес береді.
Жеке консультациялардан бөлек, форум бағдарламасында прокуратура, полиция, адвокатура және медиация өкілдерінің қатысуымен пікірталас өткізу, сондай-ақ күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық жағдайларды талқылау жоспарланған. Сонымен қатар медиацияға арналған жеке алаң жұмыс істейді. Онда тұрғындар дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеу мүмкіндіктері туралы ақпарат ала алады. Балалар мен жасөспірімдер үшін олардың құқықтары мен міндеттеріне арналған арнайы интерактивті бағдарлама ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылар форумға шамамен 200 адам қатысады деп күтіп отыр. Түскен барлық өтініш жинақталып, қала тұрғындары арасында жиі кездесетін құқықтық мәселелер бойынша талдамалық анықтама әзірлеу жоспарланған. Бұл халықтың өзекті сұраныстарын анықтап, оларды мемлекеттік органдардың алдағы жұмысында ескеруге мүмкіндік береді.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі