Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді орындалуға қатысты өткен қала активінің отырысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мұғалімдерді қолдау мен мектеп құрылысының қарқыны туралы айтты.
Мемлекет басшысы білімге, мұғалімдерге қолдау көрсетуге, олардың еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше назар аударды. Мәселен, жыл басынан бері мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Алматыда жас мұғалімнің орташа жалақысы 157 мың теңгені құрайды. Жалақыны өсіру есебінен мұғалімдердің орташа жалақысы 2022 жылы 183 мың теңгені құрайтын болады.
Педагогтардың мотивациясы мен біліктілік деңгейін арттыру, білім беру қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін дамыту үшін «Алматы мектептері» қалалық бағдарламасы жүзеге асырылатын болады.
Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қашықтан білім беру форматтары үшін ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру мәселесі пысықталатын болады. Бұл ретте қаланың жекелеген ықшамаудандарында интернеттің өткізу қабілеттілігін арттыру мәселелерін шешуге назар аударылады.
Бұдан басқа, 2025 жылға қарай барлық білім беру ұйымдарында қолжетімділікті қамтамасыз ету және инклюзивті білім беру жұмысы жалғасатын болады. Б. Сағынтаев Білім басқармасына халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жоғары оқу орындарына конкурстық негізде түсуге гранттармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтауды тапсырды.
Дарынды балаларды жан-жақты қолдау, оларға бір реттік ақшалай сыйлықақы төлеу, сондай-ақ дарынды оқушыларды тәрбиелеген мұғалімдерді көтермелеу мүмкіндігі де қарастырылатын болады.
Әлеуметтік қорғалмаған отбасынан шыққан 23 мың балаға Жаппай білім беру қорының көмегі көрсетілді. Жаңа оқу жылының басталуымен «Мектепке жол» акциясы арқылы 800 миллион теңгеден астам көмек көрсетілді. Сонымен қатар, осы санаттағы балалар мектепте тегін тамақтанатын болады.
Негізгі мәселелердің бірі – оқушы орындарының тапшылығын азайту. Биыл 3,5 мың оқушыға арналған 11 жекеменшік мектеп ашылды, 4 150 орындық 9 жаңа ғимарат пайдалануға берілді. 4 113 орындық тағы 8 ғимарат қазан айының соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, 12,6 мың оқушыға арналған 8 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай -ақ, 2023 жылға қарай 2 650 орындық төрт мектеп пен 2 650 орындық бар мектептер үшін 7 ғимарат салу жоспарлануда. 2 340 балаға арналған 10 балабақшаның құрылысы бойынша жобалар әзірленуде.
Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін мыңдаған мектептердің құрылысы бойынша қойған тапсырмасын орындау мақсатында Алматы әкімі Б. Сағынтаев оқушы орындарын ұлғайту бойынша шаралар мен жаңа тәсілдер кешенін әзірлеуді тапсырды.
NEET санатындағы жастарға назар аудара отырып, «Тегін ТжКБ» жобасын іске асыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес балаларды кәсіпке ерте бағыттау бойынша жұмыс күшейтіледі. Бұл ретте ұлттық цифрландыру жобасы аясында жоғары сапалы АT мамандарын даярлауға баса назар аударылатын болады.