Репродуктивті денсаулық дегеніміз - бұл бала жасау және бала туу қабілеті, қауіпсіз жүктілік кепілі, дүниеге дені сау баланы әкелуге деген сенімділік. Бұл туралы Алматының өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде PhD, Денсаулық сақтау магистрі, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Жадыра Ахметова мәлімдеді.

ӨКҚ спикері Қазақстанда 20 млн-нан астам халық тұратынын, оның 10 млн-нан астамы әйелдер екенін, 4 млн-нан астам әйелдер тууға қабілетті жаста екенін және балалар санының 6 млн-нан астам екенін атап өтті.

Қазіргі кезеңде Алматыдағы халық саны 2,2 млн адам. 10 мен 29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастардың саны 715 881 адамды құрайды. Оның ішінде тек жасөспірімдер, яғни 15 пен 17 жас аралығындағы балалар саны 171 811 қыз және 114 540 ұл.

Бүгінгі таңда Алматыда 14 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтардың негізгі мақсаты - кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдерге репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша медициналық, емдік-профилактикалық көмек көрсету.

"Алматының жастар денсаулық орталықтарында 116 жоғары білікті медицина мамандары жұмыс істейді. Олардың қатарына терапевттер, гинекологтар, урологтар, психологтар, заңгерлер және әлеуметтік қызметкерлер кіреді, олар көпсалалы команда ретінде жұмыс жасап, жастар мен жасөспірімдерге кеңес береді. Әр маманның өз рөлі бар. 2024 жылдың алғашқы 5 айындағы көрсеткіштерге сәйкес, бұл орталықтарда 27 998 жастар мен жасөспірімдер кеңес алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5% - ға көп көрсеткіш. Жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын, әсіресе репродуктивті денсаулықты нығайта отырып, біз олардың репродуктивті денсаулық саласындағы сауаттылығын арттыруымыз керек", - деген ой айтты Ж.Ахметова.

Отбасын құрып, болашақта ата-ана болғысы келетін жастар үшін сарапшы барлық мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдарда құрылған отбасын жоспарлау кабинеттеріне хабарласуды ұсынады.

"Болашақ ата-аналар өздері тіркелген емханалардағы осы кабинеттерге барып, акушер-гинекологтардан кеңестер пен ұсыныстар ала алады. Әрине, әр отбасындағы басты мақсат- алғашқы баласын дүниеге әкелу екендігі сөзсіз. Сондықтан жас жұбайлардың өз репродуктивті денсаулығын, соның ішінде белгіленген клиникалық хаттамаларға сәйкес зерттеулер мен диагностикалық шараларды жүргізуді мұқият тексеруі маңызды. Әрі қарай жастардың гинекологтар мен репродуктологтардан кеңес алу мүмкіндігі бар", - деді ол.

Сарапшы, егер бұрындары жас отбасылардың отбасын жоспарлау кабинеттеріне келуі сирек болған болса, бүгінде бұл үрдіс өзгеруде екенін атап өтті. Қазіргі уақытта ресми деректер бұл қызметке жүгіну жылдан жылға өскіп келе жатқанын көрсетеді.

"Жас отбасылар, сонымен қатар әлі некеге тұрмағандар да консультацияларға жиі келе бастады. Жас жұбайлар өздерінің ата - ана болуға дайын екендігі туралы білгісі келеді, ықтимал аурулардың алдын алып, дені сау балаларды дүниеге әкелу мақсатында біздің мамандарға жүгінеді", - деп қоса кетті Ж.Ахметова.

Оң динамика жастар арасында репродуктивті денсаулықтың маңыздылығын түсінудің артқанын көрсетеді деп атап өтті сарапшы. Ол болашақ ұрпақтың денсаулығы көбінесе ата-аналардың өздерінің репродуктивті денсаулығына жауапкершілікпен және сауаттылықпен қарауына байланысты екенін еске сала кетті.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ