Бүгін Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов мегаполистегі балабақшалар мен мектептер құрылысының барысы туралы айтып берді. Айта кету керек, пандемия кезінде бірде-бір құрылыс тоқтатылған жоқ, сондықтан білім беру нысандарын салу белсенді қарқынмен жүргізілуде.
Қайрат Жұмановтың айтуынша, Алматы белсенді түрде дамып келеді және жастар мен жас отбасылар үшін тартымды бола түсуде. Осыған байланысты жыл сайын халық саны артып, бала туу көрсеткіші артып келеді. Қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес, мегаполисте әлеуметтік мақсаттағы нысандардың үдемелі құрылысы жүргізілуде.
Осыған дейін хабарланғандай, демографиялық процестер нәтижесінде 10 жыл ішінде қаладағы мектеп жасына дейінгі балалар саны 79 мың балаға артты. Осыған байланысты білім беру нысандарын үдемелі салудың арнайы үш жылдық бағдарламасы қабылданды. Мәселен, өткен жылы 670 орындық 4 мемлекеттік балабақша және 1,3 мың орындық 48 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым салынды. Сонымен қатар, 640 орындық 4 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ ұзақ мерзімді жалға беруден қайтарылғаннан және күрделі жөндеумен сейсмикалық күшейту жүргізілгеннен кейін 315 орындық мемлекеттік балабақша ашылады.
Мектепке дейінгі орындардың тапшылығын төмендету бойынша жұмысқа шағын бизнес белсенді тартылуда. Биылғы жылдың өзінде 5 мың орындық 65 жекеменшік балабақша ашу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, ЖСҚ әзірленуде және 2,3 мыңнан астам орынға арналған 10 балабақшаның құрылысы үшін орындар анықталуда.
Ата-аналар үшін мектепке дейінгі білім берудегі тағы бір маңызды мәселе-төлем. Үкімет жеке балабақшалардағы қосымша қызметтер үшін төлемді бюджет есебінен ішінара өтеу жөніндегі бастаманы қолдады, бұл оларды қолжетімді етеді.
Баламалы шешім ретінде балалары кезекте тұрған отбасылар - аз қамтылған отбасылар, көп балалы отбасылар, жас отбасылар, мүгедек ата-аналар, жалғыз басты аналар үшін ваучерлік тетік түрінде өлшемдерді айқындау мәселесі қарастырылуда.
Қазірдің өзінде дайындық жұмыстары жүргізілуде және бұл тетік алғаш рет Алматыда іске асырылатын болады, бұл 5 мың баланы мектепке дейінгі білім берумен қосымша қамтуға мүмкіндік береді.
Қ.Жұманов балабақша құрылысы бойынша жобаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Биыл Наурызбай ауданында "Ақжар" және "Таусамалы"шағын аудандарында 240 орындық екі балабақшаның құрылысы аяқталады. Бұрын онда балабақша болмаған. Бостандық ауданында 120 орындық балабақша салынып, мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығы азаяды.
"Алматыда жаңа шағын аудандар, соның ішінде Түрксіб ауданындағы "Жас Қанат" белсенді дамуда. Мұнда 600-ден астам бала баратын екі балабақша жұмыс істейді. Алайда, бұл шағын аудан құрылысы жалғасуда, сондықтан жаңа шағын аудан аумағында 280 орындық тағы бір балабақша салу туралы шешім қабылданды", - деді Қайрат Жұманов.
Сондай-ақ босаған ғимараттар базасында балабақшаларды ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы жылы Әуезов ауданында бұрын жалға берілген 315 орындық балабақша іске қосылады. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда.
"Бостандық ауданының Орбита шағын ауданында бұрынғы балалар үйінің ғимаратында екі мемлекеттік балабақша ашуды жоспарлап отырмыз, олардың әрқайсысы 320 орынға есептелген", - деді Қ.Жұманов.
Сонымен қатар, әуежай ауданында жобалық қуаты 320 орындық тағы бір балабақша салынады. Жетісу ауданындағы Ратушный көшесінде 280 орындық мемлекеттік балабақша салынады.
Жалпы биыл Алматыда 3250 орындық 65 жекеменшік балабақша және 955 орындық 5 мемлекеттік балабақша ашу жоспарлануда.