2025 жылы 18 мамыр күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Қазақстанның ХХ ғасырдағы және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнері» каталогының таныстырылымы және «Мәңгілік мұра – уақытпен үндескен өнер» көрмесінің ашылуы өтеді.
«Қазақстанның ХХ ғасырдағы және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнері» каталогы – Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қорындағы сәндік-қолданбалы өнер туындыларының алғаш рет толық көлемде ұсынылған басылымы. 1938 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңді қамтитын бұл отандық өнер тарихында маңызды көркемдік құбылыс болып табылатын туындылар қоры шамамен сегіз жүз сақтау бірлігін құрайды. Коллекцияның қалыптасу жылдарында шығармашылықпен белсенді айналысқан суретшілердің қатарында Әбілхан Қастеев, Николай Цивчинский, Александр Риттих, Шажат Оспановтарды атауға болады. Олардың эскиздері бойынша «Кілемші» артелінің шеберлері алғашқы қазақстандық гобелендерді жасап, бұл еңбектер «Мәңгілік мұра – уақытпен үндескен өнер» көрмесінде кеңінен ұсынылады.
«Менің ойымша, Қазақстанның ХХ ғасырдағы және қазіргі заманғы авторлардың сәндік-қолданбалы өнерінің толық коллекциясын алғаш рет көрсететін ғылыми каталогтың шығарылуы осы бағытты әрі қарай зерттеудің негізі болып табылады. Жас суретшілер мен өнертанушылар үшін өз дағдыларын жетілдіруге шабыт көзі болады. Біз үшін бұл басылымның жарыққа шығуы Қазақстан Республикасындағы жетекші көркем өнер музейінің 90 жылдығымен және «Ұлттық» мәртебесін алуымен тұспа тұс келуі қуантарлық жәйт. Әрине, музей коллекцияны толықтыру, кеңейту, зерттеумен қатар, насихаттау үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Оны ұрпақтарға сақтап, мәдени мұраның жанданған сабақтастығын қамтамасыз ету үшін жағдай жасайтыны анық», - екендігін Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің директоры Жұмабекова Г.М. ерекше атап өтеді.
Музей «Қазақстанның ХХ ғасырдағы және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнері» каталогын шығаруға демеушілік көмек көрсеткені үшін «Halyk Bank»-ке, сондай-ақ көпжылдық жемісті ынтымақтастығы үшін каталог дизайнері Серік Есентаевқа алғыс білдіреді. Бұл каталогтың таныстырылымына орай «Мәңгілік мұра – уақытпен үндескен өнер» көрмесі ашылып отыр. Экспозицияға Қазақстанның танымал кәсіби сәндік-қолданбалы өнер шеберлері жасаған 90-ға жуық туынды ұсынылған. Олардың арасында кілемдер, гобелендер, киіз, кесте паннолар және тері, ағаш, металл және тас, қыш, фарфор, шыныдан жасалған көркем заттар, сондай-ақ мельхиор мен күмістен жасалған авторлық зергерлік бұйымдар бар.
Ашылу бағдарламасында танымал қазақстандық дизайнер Айжан Абдубаиттің «Зер-Ғұмыр» (Өмірдің жіптері) киім коллекциясының көрсетілімі жоспарланған. Айжан Абдуманаповна – СССР, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Зерлеу» авторлық үйінің негізін қалаушы. Шебер 30 жылдан астам ғұмырын зерлеу, алтын тігіс өнерін жаңғыртуға арнап келеді. «Зерлеу өнері – бұл тек алтын тігу техникасы емес, бұл ерекше философия», – дейді Айжан Абдубаит. Канителмен кестелеудің тамыры тереңде жатыр. Қазақ халқы осындай ерекше тәсілмен мерекелік киімдерді, ақсүйектердің тұрмыстық заттарын, соның ішінде төсек жабдықтарын безендірген. Әрбір туынды тарихи және мәдени ақпараттың тұтас қабатын қамтиды, тек оны түсініп, сақтау керек». Бүгінгі күні Айжан Абдубаит зерлеу техникасында неке көйлектерін, ұлттық киімдерді, бас киімдерді жасап, өткен ғасырлардың киімдері мен тұрмыстық заттарын қалпына келтірумен айналыса отырып өз тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізуде.
Куратор Н.А. Баженова –
«Қазақстан сәндік-қолданбалы өнері»
бөлімінің жетекшісі.