Түркістан туралы көп жазылды, көп айтылды. Бірақ тарихы терең шаһардың бізге әлі беймәлім тұстары бар. Кеше Алматыдағы Абай атындағы Кітап үйінде сол тарихты сирек фотосуреттер мен архивтік материалдар арқылы көрсететін «Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» атты үштілді кітап-альбомның тұсаукесері өтті.
Кітаптың авторы – тарихшы әрі зерттеуші Саттар Мәжитов. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген басылым Түркістанды тек тарихи деректер арқылы емес, визуалды материалдар арқылы тануға мүмкіндік береді.
Кітапты парақтаған кезде бірден назар аударатыны – оның фотосуреттерге ерекше мән беруі. Мұнда Түркістанның сирек кездесетін суреттері, XVII–XX ғасырлардағы шетелдік және ресейлік суретші-зерттеушілердің еңбектері, архивтік құжаттар, тарихи тұлғалар мен сәулет ескерткіштеріне қатысты материалдар жинақталған.
Басылымның ерекшелігі – өткен мен бүгіннің қатар берілуінде. Ескі фотосуреттер мен архив құжаттары қазіргі Түркістанның көріністерімен үйлесіп, оқырманды бір дәуірден екіншісіне жетелейтін визуалды тарих қалыптастырған. Әрбір жайма алдыңғы және кейінгі бетпен байланысып, кітапты жай ақпарат жинағы емес, тұтас тарихи хикая ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Мұқабасының өзі де символикалық мәнге ие. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулеттік бейнесін еске түсіретін тас композиция қолданылған. Бұл шешім кітаптың Түркістанның басты тарихи символымен байланысын айқындай түседі.
Тұсаукесер барысында автор Саттар Мәжитов кітаптың қалай дүниеге келгені, сирек материалдардың қайдан табылғаны және Түркістан тарихының көп айтыла бермейтін қандай қырлары қамтылғаны туралы айтып берді.
Кітаптың тағы бір ерекшелігі – оның халықаралық деңгейдегі аудиторияға бағытталуы. Үш тілде жарық көрген басылым арқылы Түркістанның тарихы мен мәдени мұрасын шетелдік оқырманға да таныстыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар кітап биыл көктемде Түркістанда өткен халықаралық кездесулер кезінде алты мемлекет басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан естелік сыйлық ретінде табысталған.
Кеше шара барысында кітаппен танысып отырып, Түркістан тарихының біз оқулықтардан білетін деректермен ғана шектелмейтінін тағы бір мәрте аңғаруға болады. Кейде бір ғана ескі фотосурет немесе архивтен табылған құжат тұтас бір дәуір туралы жаңа сұрақ тудырады. Осы тұрғыдан алғанда, «Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» – тарихқа тек өткеннің көзімен емес, бүгінгі көзқараспен қайта үңілуге мүмкіндік беретін еңбек.
Назира Бурханова