2026 жылдың 19 қараша күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде суретші Асқар Есдаулеттің жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Экспозицияда автордың 80-нен астам кескіндемелік туындылары мен мүсіндері ұсынылған. Олардың басым бөлігі – соңғы бес жылда дүниеге келген тың жұмыстар. Ұсынылған туындылар Асқар Есдаулеттің мифологияға, тарихи жадыға, және қоршаған ортаны өзінше танып-білуге деген қызығушылығын және оның шығармашылығына тән терең философиялық ізденістерді паш етеді.
Көрмеге қойылған жұмыстар мазмұны жағынан өзара байланысты бірнеше тақырыптарды қамтиды. Оларды шартты түрде үш бағытқа бөлуге болады: Бірінші бағыт мифологияға, әлемнің жаратылысы туралы ежелгі аңыздар мен көне сюжеттерге арналған. Суретші бұл шығармаларында түркі және сақ дүниесінің мәдени мұрасына ден қойып, ата-бабалар тарихы мен рухани танымына қатысты бейнелер мен символдарға жүгінеді. Екінші бағыт адам өміріне, отбасылық қарым-қатынасқа, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына арналған. Мұнда ол отбасылық басқосуларды, ата-бабаны еске алуды, ұлттық рәсімдер мен ұрпақтар сабақтастығын көрсетуге тырысады. Үшінші бағыт абстрактілі туындылар мен суретшінің жаңаша шығармашылық ізденістеріне арналған. Бұл жұмыстарда Асқар Есдаулет түс, сызық, геометриялық пішіндер мен ырғақтың көркемдік мүмкіндіктерін зерттеп, нақты сюжеттерден алшақтай отырып, кескіндеменің еркін тіліне жүгінеді.
Экспозицияда мүсін өнеріне де ерекше орын берілген. Қола мен алюминийді шебер пайдалана отырып, Асқар Есдаулет көне дәуірге тән бейнелер мен пішіндерге жаңаша көзқараспен қарайды. Суретшінің мүсіндеріне пішіннің жинақылығы, сұлбалардың айқындығы және адам тұлғасын өзіндік мәнерде бейнелеу ерекшелігі тән. Оның туындыларынан көне жауынгерлердің, мифологиялық кейіпкерлердің және дәстүрлі көшпенділер өнерінің сарынын айқын аңғаруға болады.
Асқар Есдаулет өз туындылары арқылы көрерменге дайын жауаптар бермейді. Суретші белгілі бір бейнелер мен символдар арқылы көрерменге ой салады, алайда олардың мағынасын толық ашып бермейді. Осы арқылы автор суреттегі идеяны әркімнің өзінше пайымдауына мүмкіндік қалдырады. Оның бір картинасы көне аңыздар мен тарихты еске түсірсе, енді біреуі отбасылық дәстүр мен жеке естеліктерге жетелейді. Сондықтан әр көрермен бұл шығармалардан өзінің жүрегіне жақын бейнелерді танып, туынды туралы өзіндік түсінік қалыптастыра алады.
Экспозиция желтоқсан айының 06 дейін жалғасады.
Көрме жетекшісі - Сырғабаев С.Б.
«Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің ғылыми қызметкері