25 қараша күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде «Алмалы палитра» Кәсіби суретшілер одағының 10 жылдық мерейтойына арналған «Менің Музам» атты мерейтойлық көрменің салтанатты ашылуы өтеді.

10 жыл – бұл өнер жолындағы айтулы белес. Бұл – мыңдаған шығармашылық кездесулер, жүздеген көркем туындылар, ондаған көрме мен пленэр, жаңа есімдердің танылуы және ең бастысы, өнерге деген сүйіспеншілігі, шығармашылық шабыт пен көркемдік ізденіске деген құштарлығы ортақ жандардың бір арнаға тоғысуы.

Өзінің 10 жылдық тарихында «Алмалы палитра» кәсіби суретшілерді, мүсіншілер мен өнер қайраткерлерін біріктірген маңызды шығармашылық ұйымға айналды. Осы уақыт аралығында Одақ Қазақстан мен Еуропаның түрлі қалаларында ауқымы әртүрлі 70-тен астам көрме ұйымдастырып, 20-дан астам пленэр өткізіп, көптеген бірлескен жобалар мен шығармашылық кездесулердің бастамашысы болды.

Бүгінде «Алмалы палитра» Одағының құрамында 80-нен астам кәсіби суретші бар. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері, Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының академиктері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері мен танымал өнер өкілдері бар.

Осы жылдар ішінде «Алмалы палитра»  суретшілерді біріктіретін орта ғана емес, шығармашылық сұхбатқа, бастамаларды қолдауға, кәсіби дамуға және жаңа идеялардың дүниеге келуіне жол ашатын ерекше кеңістікке айналды. Бұл – өнер достықтың, өзара құрмет пен рухани бірліктің тіліне айналған орта.

10 жылдық мерейтой аясында ұйымдастырылған көрменің негізгі тақырыбы – «Менің Музам». Бұл тақырып әр суретшіні өзінің шығармашылық әлеміне үңіліп, шабыттың қайнар көзін айқындауға жетелейді.

«Әр суретшінің жүрегінде шабыт сыйлайтын, шығармашылығына арқау болатын өз музасы бар. Біреу үшін ол – сүйікті жанның бейнесі, енді біреу үшін – жүрекке жақын естелік, әсем әуен, поэзия немесе туған жердің табиғаты.  Ал кейде ол Іле Алатауының баурайында гүлдеген алма ағашының бейнесінен көрініс табады…»

Көрмеге 70 суретшінің туындысы қойылады. Әрбір шығарма – автордың жан дүниесінен сыр шертетін, өмірге, өнерге және қоршаған әлемге деген көзқарасын бейнелейтін өзіндік бір хикая. Бір туындыда туған жерге деген сағыныш, екіншісінде махаббат пен нәзік сезім, енді бірінде табиғаттың тылсым сұлулығы, ұлттық дәстүр мен өмірдің терең мәні көрініс табады. Әр суретші өз шығармасы арқылы оны шабыттандырған, шығармашылық жолына бағыт берген музасы туралы сыр шертеді. Осы туындылардың барлығы бір ортақ сауалға жауап іздейді: «Менің музама айналған не? Мені шығармашылыққа жетелейтін, жүрегіме шабыт ұялататын күш неде?»

Биыл Муза тақырыбы ерекше тарихи әрі символдық мәнге ие. Мерейтойлық көрме әлемдік сән әлемінде есімі аңызға айналған, әйгілі кутюрье Кристиан Диордың музасы болған Алла Ильчунның туғанына 100 жыл толуына да арналады. Ол Парижді бағындырып, әйгілі Christian Dior сән үйінің жарқын үлгілерінің біріне айналды. Ұлы кутюрье Кристиан Диордың музасына айналған Алла Ильчун әлемдік сән тарихында өзіндік із қалдырды. Оның тағдыры – таланттың, сұлулықтың, даралық пен ішкі күштің тұтас ұрпаққа шабыт бере алатынының жарқын үлгісі.

Менің Музам» тақырыбы суретшілер мен мүсіншілерге шабыт көзін өзінше пайымдап, оны шығармашылық тұрғыдан еркін бейнелеуге мүмкіндік береді. Бұл тақырып әрбір өнер иесін өзінің ішкі әлеміне үңіліп, шығармашылығына арқау болған музасын көркем тілмен жеткізуге жетелейді. Әр адамның музасы әртүрлі. Біреу үшін ол – сүйікті адамы, анасы немесе тарихи тұлға болса, енді біреу үшін – туған жері, кең байтақ даласы, асқар таулары, ұлттық мәдениеті мен ата-баба мұрасы. Ал біреулерге музыка, поэзия, философия, табиғаттың бір бөлшегі, жарық пен уақыт немесе махаббат шабыт береді. Бұл тақырыпта қиял мен көркемдік ізденіске шектеу жоқ. Ең бастысы – сезімнің шынайылығы және суретшіні бір сәтте қылқалам, қарындаш, қашау құралын қолына алуға, ағашпен, металмен жұмыс істеуге, жаңа туынды жасауға жетелеген шабыт көзін көрерменге жеткізе білу.

«Менің Музам» – бұл тек өнер туындыларының көрмесі ғана емес. Бұл – өмірімізге мән беретін, шығармашылық қуатымызды оятатын, айналамыздағы әсемдікті көре білуге үйрететін құндылықтарға деген сүйіспеншіліктің көрінісі.

«Алмалы палитра» Кәсіби суретшілер одағының он жылдық мерейтойы – жүріп өткен жолға көз жүгіртіп, осы тарихтың бір бөлшегіне айналған барша жанға алғыс білдіріп, болашаққа жаңа шабытпен қадам басатын ерекше сәт. Өйткені өнер – адамдарды жақындастырып, жүректерді табыстыратын ортақ құндылық. Шабыттың шегі жоқ, ал әрбір суретшінің музасы оның шығармашылығына мәңгілік нәр беретін шабыттың сарқылмас қайнары.

Өнер жанашырларын, шығармашылық зиялы қауым өкілдерін, мәдениет қайраткерлерін, суретшілер мен сұлулық әлеміне жақын барша көрерменді осы айтулы мерекені бірге атап өтуге шақырамыз!