Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуі аясында Алматыда жаңа бағдарламамен Ballet Globe халықаралық би фестивалі өтеді.
Айта кететіні, Алматы қаласы 2023-2024 жылдарға Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасына айналды.
20 қазанда Almaty Theatre тамаша сахнасында әлемнің үздік театрларының 11 заманауи би жұлдызы өнер көрсетеді. Ballet Globe фестивалі аясында Алматының тұрғындары мен қонақтары Ұлыбритания, Нидерланд, Швейцария, АҚШ, Қазақстанның және т.б. елдердің хореографтары әзірлеген 20-дан астам жарқын және батыл қойылымдарын тамашалай алады.
Contemporary dance (контемп) – XIX және XX ғасырлар тоғысында АҚШ-та пайда болған заманауи хореографиядағы бағыт, ол ең алдымен адамның сезімі мен эмоциясын би арқылы көрсетуге бағытталған.
«Контемпорари әлемдегі заманауи хореографияның ең танымал би бағыттарының бірі болып табылады. Бұл жай ғана би емес, бұл сезімді, эмоцияны өнер арқылы көрсету, сахнада өткен тұтас бір өмірдің көрінісі. Әртістер көрерменмен би тілінде әңгімелеседі және әркім шексіз өнер әлеміне еніп, жүрегінің төрінен орын алатын бірегей нәрсе табады. Біз дүние жүзінің ең үздік әртістерін жинадық, осының арқасында олар өзінің хикаясын биік өнерді бағалайтын көрерменмен бөліседі. Сондай-ақ фестиваль елімізге көп туристің ағылып келуіне септігін тигізіп жатқанына қуаныштымыз. Фестивальға көрші елдерден ғана емес, Еуропа елдерінен, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония мен АҚШ-тан да өнер сүйгіш жандар келіп жиналады», - деді фестивальдің негізін қалаушы Ерлан Андағұлов.
Италияның балет әртістері Саша Рива мен Симоне Репеле фестивальде өнер көрсету үшін оңтүстік астанаға екінші рет келеді және өнер сүйер қауыммен кездесетін сәтті асыға күтуде.
«Алматының жұртшылығы заманауи өнер мен контемпорари жанрын тереңінен сезінеді, өте талғампаз. Бұл қаланың табиғаты өте керемет және тарихи көрікті жерлері тамаша. Фестиваль туралы парақшаларымызда хабарлағанымызда, оған өнер сүйер қауым үлкен қызығушылық танытты, олардың да Қазақстанға келіп, жергілікті мәдениетпен танысқысы келеді», - деді Саша Рива.
Ballet Globe фестивалі 20 қазанда Almaty Theatre сахнасында өтеді. Басталуы сағат 19:00. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен.