Миланда өткен Milano Fashion Week SS27 аясындағы сән көрсетілімінде қазақстандық дизайнерлер өздерінің жаңа топтамаларын халықаралық сән индустриясының өкілдеріне таныстырды. Шара Леонардо да Винчи атындағы Ғылым және технология музейінде өтіп, Орталық Азия, Еуропа және халықаралық modest fashion бағытындағы дизайнерлердің басын қосты.

Қазақстандық дизайнерлер сән апталығын ашты. Бір подиумда Aida Kaumenova, Kamalini және ShakerBaY брендтерімен қатар Санкт-Петербургтен келген REVE, сондай-ақ SA_Marail, Puti Tenk және Aynaeva брендтерінің топтамалары ұсынылды. Көрсетілім Орталық Азияның дәстүрлі мәдениетін заманауи сән тілі арқылы таныстыруға мүмкіндік беретін алаңға айналды.

Бағдарламада Kazakhstan Fashion Week аясында ұсынылған қазақстандық дизайнерлердің топтамалары ерекше орын алды. Aida Kaumenova дәстүрлі қазақ пішіндері мен ұлттық бас киімдерді заманауи интерпретацияда ұсынды. Көрсетілімнің ашылуында қазақстандық виолончельші әрі дирижер Елдар Сапаар композитор Қуат Шілдебаевтың шығармасын орындады. Музыкалық сүйемелдеу заманауи өнер мен Орталық Азияның мәдени мұрасын байланыстыратын символдық элемент болды.

Ал ShakerBaY бренді дәстүрлі көшпелі киімдегі көпқабаттылық идеясын заманауи тұрғыда қайта қарастырды. Дизайнер Мира Шакербай топтаманың негізгі идеясы әйелдің ішкі күшінен бастау алғанын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық ою-өрнектерді сол күйінде қолданумен шектелмей, оларды заманауи пішін, жеңіл стилистика және табиғи маталар арқылы жаңа қырынан көрсету маңызды.

«Мен әйелдің ішкі күшінен шабыт алдым. Ұлттық элементтер мен ою-өрнектерді жай ғана қолдану емес, оларды заманауи дизайн, жеңіл пішіндер және табиғи маталар арқылы қайта түсіндіру маңызды. Осылайша ұлттық болмысымызды әлемдік сән тілімен жеткізетін киім дүниеге келеді», – деді Мира Шакербай.

Қазақстандық дизайнерлердің топтамаларында ұлттық мәдени мұраның түрлі элементтері – ою-өрнек, кесте, дәстүрлі техникалар, материалдар мен көшпелі мәдениет эстетикасы заманауи силуэттермен және халықаралық сән үрдістерімен үйлесім тапты. Осы арқылы ұлттық нақыш қазіргі fashion-индустрияның тіліне бейімделіп, жаңа форматта ұсынылды.

Kazakhstan Fashion Week бас директоры Саят Досыбаев қазақстандық дизайнерлердің Миландағы көрсетілімге қатысуын елдің сән индустриясы үшін маңызды қадам ретінде бағалады.

«Біздің еліміздің үздік дизайнерлерінің Миланда – халықаралық сәннің жүрегінде таныстырылып жатқанына мақтанамыз», – деді ол.

Париждегі B2B-шоурум New Coutur негізін қалаушы Надежда Кожевникованың айтуынша, Милан баспасөзі қазақстандық брендтердің өзіндік ерекшелігіне ғана емес, олардың маусымдық сән үрдістерін қаншалықты үйлесімді меңгергеніне де назар аударған.

Оның пікірінше, қазақстандық брендтер ұлттық болмысын сақтай отырып, Еуропаның жетекші сән апталығының жалпы контексіне табиғи түрде еніп отыр.

Қазақстандық брендтердің Milano Fashion Week-ке қатысуы елдегі fashion-индустрияның дамып келе жатқанын және оның халықаралық кәсіби ортаға шығуға ұмтылысын көрсетеді. Бүгінде Қазақстан Астана мен Алматыда өтетін сән апталықтары, байқаулар және арнайы платформалар арқылы өзіндік кәсіби сән ортасын қалыптастырып келеді.

Назира Бурханова

Photo by RF Studio Milano