2023 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда цифрлық майнинг үшін төлемді реттейтін Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 11 - параграфына өзгерістер енгізілді (ҚР СК 606-2-бабы)- бұл туралы Алматы қаласы бойынша МКД баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға 2023 жылғы 31 наурыздан кешіктірмей 2022 жылға - 880.00 салық есептілігінің жылдық нысанын ұсыну қажет болады.

Ал кейіннен, салық төлеушінің орналасқан жері бойынша салық органына тоқсан сайынғы есепті тапсыратын болады (есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей) (ҚР СК 606-4-бабы).

Майнинг үшін төлем республикалық бюджетке - тоқсан сайын 25-ші күні 105 317 бюджеттік сыныптама кодына жүргізіледі (ҚР СК 606-5-бабы).

Өзгерістер майнинг үшін төлем мөлшерін есептеу тәртібіне де әсер етті.

Егер бұрын бюджетке тұтынылған электр энергиясының әрбір кВт/ сағаты үшін бір теңгеден төленген болса, қазір бұл мөлшерлеме айтарлықтай тұтынылатын энергия құнына байланысты өсті (ҚР СК 606-3-бабы).

Яғни, криптовалюта өндіруші энергетикалық компанияға жарық үшін неғұрлым аз төлесе, соғұрлым ол мемлекетке майнинг өндірісі үшін көп төлем жасайды.

Есептеу шарттарына сәйкес, электр энергиясын тұтыну көлемін есепке алудың бақылау аспаптары болмаған және (немесе) олар майнинг мақсатында ақаулы күйде болған кезде, ақы тұтынылған электр энергиясының 1 кВт/сағатына 25 теңге ставка бойынша есептелетін болады.

Сондай-ақ, үнемдеу әдісі де қарастырылғанын айта кету қажет.

Атап айтқанда, егер криптоферма электр энергиясын өзінің энергия көзінен (мысалы, генератордан) тұтынса, төлем ставкасы кВт/сағ үшін 10 теңгеге тең болады. Бұл майнер үшін өз фермаларын Қазақстан аумағында орналасқан жаңартылатын энергия көздеріне қосу тиімді болатынын білдіреді. Осы шарттың орындалуы төлем мөлшерлемесін бір теңгеге дейін төмендетеді.