21 ақпанда Алматыда қала әкімі кубогына арналған «Almaty Tech Cup - 2025» халықаралық инженерия және робототехника чемпионаты басталады, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында «Алматы Дарыны» орталығының директоры Гүлнұр Каримғажы.
Бұл Орталық Азиядағы ең ауқымды турнир, оған 3 мыңнан астам қатысушы, соның ішінде Қазақстан, Үндістан, Түркия, Моңғолия, Түрікменстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 20 шетелдік команда қатысады.
«Бұл беделді жарыс жас инженерлер, бағдарламашылар және өнертапқыштар үшін аса маңызды шара. Қатысушылар тек сайысқа түсіп қана қоймай, түрлі интерактивті іс-шараларға, инженерлік квесттерге қатысып, жүлделер мен естелік сыйлықтарға ие бола алады», – деді ол.
Оның айтуынша, чемпионат 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде қатысушы командалар саны 20-дан 400-ге дейін артқан. Қазақстандық оқушылар халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мысалы, АҚШ-та өткен чемпионатта Алматы құрамасы 80 команданың ішінен үздік 10-дыққа енді. Сонымен қатар, 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурда, 2024 жылы Афинада Қазақстанның жас инженерлері әлемдік алтын жүлдеге ие болды.
2025 жылғы чемпионат робототехника, инженерия және дрон жарыстарын қамтиды, олардың ішінде Aspan Cyber Race, Aspan Drone Competition, Aspan Whoop Race және Aspan Drone Race бар. Қатысушылар First Lego League (4-16 жас) және First Tech Challenge (16-18 жас) бағыттары бойынша өз шеберліктерін көрсетеді.
Бас жүлде – Алматы қаласы әкімінің кубогы, ол барлық байқауларда ең көп ұпай жинаған үздік командаға табысталады. Жеңімпаздар тек кубокпен ғана шектелмей, еліміздің үздік университеттерінен білім гранттарына да ие бола алады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ