Халық санағы ең алдымен мегаполис тұрғындары үшін қажет, деп хабарлады Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сөз сөйлеген ол санаққа қатыса отырып, қала тұрғындары перспективалы әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге өз үлесін қосатынын атап өтті.
А. Ахмеджанов сауалнамадағы cұрақтардың көбі тұрғын үй жағдайына арналғанын хабарлады.
«Сауалнамада: "тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттар) сыртқы қабырғаларының материалын көрсетіңіз" деп сұрайды. Мен бұл сұраққа 11 түрлі жауап нұсқалары бар екенін айта кетейін. Бұл ел бойынша, атап айтқанда Алматыда тұрғын үй қорының жай-күйін кешенді талдауға мүмкіндік береді. Алматы үшін бұл қаланың Бас жоспарын түзету мақсатында өте маңызды, өйткені біз қалалықтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуіміз керек», - дейді А. Ахмеджанов.
Басқарма басшысының айтуынша, жауаптардың көмегімен экономика мен әлеуметтік саладағы проблемаларды анықтап, жоспарлауды жақсартуға болады.
«Кейбір сұрақтар инфрақұрылымның даму деңгейін анықтауға бағытталған – балабақша, мектеп, медициналық мекемелер мен басқа да әлеуметтік нысандардың болуы. Бұл сұрақтар нақты санақ кезінде елдің демографиялық көрінісін көрсетуге көмектеседі», - деп есептейді А. Ахмеджанов.
Халықаралық ұйымдар ұсынған сұрақтардың арасында азаматтардың денсаулығына қатыстылары да бар.
«Мысалы, көру, есту, жүру және есте сақтауға қатысты нақтылау сұрақтары енгізілген. Бұл қала құрылысы мен сәулетшілер үшін де маңызды. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тиісті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуі тиіс», - деп есептейді А. Ахмеджанов.
Спикердің пікірінше, санақ экономиканы дамытуға мүмкіндік береді, себебі мемлекет халық туралы нақты статистикалық ақпаратқа ие болуы керек.
«Жұмыс туралы жауаптар әр түрлі аймақтардағы еңбек нарығын зерттеуге көмектеседі. Өте маңызды мәселе - "сіз тұрақты тұрғылықты жеріңізден жұмысқа дейін қанша уақытта жетесіз?». Таң қаларлығы, дәл осы сұрақ сын тудырды. Бірақ бұл өте маңызды аспект. Адамдардың жұмыс іздеуге қайда және қалай көшетіні туралы ақпарат жұмыс орындарының жетіспейтінін түсінуге көмектеседі. Демек, бұл аумақта жаңа кәсіпорындар салу, қызмет көрсету саласын дамыту қажет», - дейді А. Ахмеджанов.
Қорытындылай келе, ол халық санағы – бұл Қазақстанның Ұлттық статистика жүйесінің құрамдас бөлігі және ажырамас бөлігі, халық пен оның тұрғын үй жағдайлары туралы деректердің негізгі көзі екенін еске салды.
А. Ахмеджанов Алматы тұрғындарын халық санағын кейінге қалдырмауға және онлайн өтуге шақырды. Айта кетсек, Урбанистика басқармасында, сондай-ақ «Алматы Бас жоспары» ҒЗИ қызметкерлерінің 100%-ы жаңа форматта санақтан өтті.