Мегаполисте азық-түлік бағасы тұрақталып, оның өсуіне жол бермеу шаралары қабылдануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлімдеді.
Спикер ӘМАТ бағасын тұрақтандыру мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті. Еске салсақ, бұған дейін ҚР Президенті Қ.-Ж. Тоқаев елдегі ӘМАТ бағасын тұрақтандыруды тапсырған болатын, бұл мәселе Премьер-Министрдің де ерекше бақылауында.
«Біз бар күшімізді қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұруға жұмсадық», - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы.
Е.Оразалин қазіргі уақытта Алматыда өндірушілерде дайын өнім мен шикізаттың жеткілікті көлемі бар екенін хабарлады. Бұл қорлар күн сайын ел өңірлерінен фермерлер мен тауар өндірушілермен толықтырылады, сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығы болжанбайды.
Сонымен қатар, ірі жеткізушілерге, өндірушілерге және сауда желілеріне жеңілдетілген несие беру тетігі енгізілді, бұл делдалдар тізбегін айналып өтіп, сөрелердегі сату бағаларын тіркеуге мүмкіндік береді.
«Түркістан облысының өндірушілерімен ерте пісетін қырыққабатты жеткізу бойынша келісімдерге қолжеткізілді. Бірінші партия қала сөрелеріне келіп түсті», - деді Е.Оразалин.
Оның айтуынша, мамыр айында жалпы көлемі 7 мың тоннадан астам картоп, пияз және сәбіз тамыз айының соңына дейінгі мерзіммен жеткізіледі. Шілде айынан бастап Алматы облысынан 3,5 мың тонна картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат жеткізу жоспарлануда.
5 мың тонна картоп және 2 мың тонна сәбіз қорын жасау үшін Павлодар облысының тауар өндірушілеріне 300 млн теңге бөлу жоспарлануда.