Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Астана Балет» театры басшылығының, балетмейстерлердің, қоюшылар мен дирижердің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Елордалық ұжым 6-28 мамыр аралығында ALMATY THEATRE жаңа театрының сахнасында гастрольдік сапармен өнер көрсетеді.

«Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьяновтың айтуынша, Қазақстанның мәдени астанасы, алматылық көрермендері үшін театр гурмандары әртүрлі жанрда афиша дайындаған.

«Жаңа Almaty Theatre-дің ашылуы үлкен іс-шара. Сондықтан, Алматы қаласының мәдени өміріндегі осындай маңызды оқиғаға қатысу біз үшін үлкен құрмет және аса жауапкершілік. Біздің шығармашылығымыз Алматы жұртшылығына жақсы таныс. Жылына бір рет біз өзіміздің жаңа және үздік қойылымдарымызды ұсынамыз», - деді А.Совостьянов.

Гастрольдің жалпы анонсын «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов айтты. Мысалы, 6 мамырда елордалық ұжым, театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен «Бір актілі балет кешінде» атты өз гастрольін ашады. Кештің екінші бөлімінде көрермендерге Карина Абдуллинаның музыкасына, Мукарам Авахридің бүкіл әлемде теңдесі жоқ қойылымы «Тағдырдың арқаны» бірегей балеті ұсынылады.

«14 және 15 мамырда Георгий Ковтунның, Актоты Райымқұлованың музыкасына қойған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» романтикалық эпостарының інжу - маржаны көрсетіледі. Сондай-ақ, «Сұлтан Бейбарыс» балеті мен «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы HasSak этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен ұсынылады. Және «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің концерті өтеді», - деді «Астана Балет» көркемдік жетекшісі.

Онымен қоса, 27 және 28 мамырда HasSak этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен «Ұлы Дала мұрасы» атты концерттік бағдарлама өтеді.

Қоюшы балетмейстер Айгүл Тати айтып өткендей, музыка мен қайталанбас көркем образ, алуан түрлі пластикалық қозғалыстардың арқасында әрбір нөмір терең әсер қалдырады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тати мен Мукарам Авахридің қойылымындағы көрермендердің сүйікті хореографиялық миниатюралары – дәстүрлердің байлығы, сұлулықтың көрінісі және сүйкімділіктің құпиясы.

Гастрольдердің анонсын қорытындылай келе, «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің бас дирижері Арман Оразғалиев Алматы Қазақстанның симфониялық музыкасының бесігі болып саналатынын атап өтті.

«18 мамырда менің жетекшілігіммен «Алматыма арнау» симфониялық концерті өтеді. Бұл концертте біздің театрдың симфониялық оркестрінің музыканттары керемет әуенді ұсынады», - деді бас дирижер.

«Астана Балет» труппасы жаңа сахнада өнер көрсетуді асыға күтуде. Гастрольдер Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.