ҚР Білім және ғылым министрі педагогтердің кәсіби қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында «Педагогтар құқықтарының бұзылуына жол бермеу туралы» (2022 жылғы 27 сәуірдегі №172) бұйрыққа қол қойды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева мәлімдеді.
Қаланың, аудандардың білім беруді басқару органдары мен білім беру ұйымдарына педагогтердің кәсіптік қызметін жүзеге асыруы кезінде мыналарға жол берілмейді:
- ҚР заңнамасына сәйкес әзірленген лауазымдық нұсқаулықтарда көзделмеген жұмыс түрлеріне тартуға;
- Педагогтер жүргізуге міндетті құжаттар тізбесінде көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етуге;
- ҚР Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінде көзделмеген тексерулерді жүргізуге;
- Оларға тауарлар мен қызметтердің әртүрлі түрлерін сатып алу бойынша міндеттер жүктеуге.
Бұл ретте білім беру ұйымдары қажетті ақпаратты тек ҚР БҒМ-нің, сондай-ақ қаланың, ауданның білім беруді басқару органдарының сұратуларына ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынуы тиіс.
Сондай-ақ, Г. Ермекбаева жоғары тұрған мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың тапсырмасы бойынша іс-шараларды білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарына, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасына, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына, сондай-ақ министрліктің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізу қажеттігін атап өтті.
Білім беруді басқару органдары осы бұйрықтың тармақтарын, оның ішінде педагог құқығын бұзған жағдайда Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне, яғни біздің департаментке жүгінуге құқылы. Комитет пен аумақтық департаменттер «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты түбегейлі шаралар қабылдайды. Осы бұйрықпен білім беру ұйымының әрбір басшысы танысып, педагогтарға жеткізуі тиіс.