Ертең орта білім беретін барлық ұйымдарда оқу жылы аяқталады. Алматы қаласының білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде биылғы жылы мектеп оқушылары үшін емтихандар мен мектеп бітіру кеші қалай өткізілетіні туралы айтып берді.
Спикер білім беру сапасын арттыру және пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білімдегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 2022 жылғы 26 мамыр мен 17 маусым аралығында 1-8, 10 сынып оқушылары үшін әрбір білім беру ұйымының жазғы мектебінде оқыту ұйымдастырылатынын атап өтті.
9, 11-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес, 9-сыныптарда 28 мамырдан 6 маусымға дейін, 11-сыныптарда 27 мамырдан 10 маусымға дейін өткізіледі. 11 сынып түлектері Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан тапсырады.
«ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектеп бітіру кешін өткізу бойынша ұсыныстарына назар аударғым келеді. Биыл мектеп бітіру кеші мектеп қабырғасында болады, ал аттестаттарды тапсыру салтанаты 16-17 маусымда өтеді. Мектепті бітіруге қатысты барлық шаралар мектеп қабырғасында өткізілуі керек. Түлектердің ата-аналарына бұл іс-шараларға шығындануларының тиімсіздігі туралы ескертеміз», - деді Г. Ермекбаева.
Оның айтуынша, мектеп бітіру кешін білім беру ұйымы өз күшімен ұйымдастырады. Іс-шараға аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, ақылы әртістерді шақыруға, мерекелік отырыстар ұйымдастыруға, жалға алынған автомобильдерде экскурсиялар өткізуге жол берілмейді.
«Сондықтан мұғалімдерге, мектепке сыйлықтар жинауға қатаң тыйым салынғанын атап өткім келеді. Мектеп бітіру іс-шараларын аяқтау және өткізу мәселелері бойынша Департаменттің call-орталығына көптеген сұрақтар келіп түсуде, онда барлығына оқу жылының аяқталуы бойынша түсініктеме береміз», - деп атап өтті Алматы қаласының білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы.